Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан жастарына деген қамқорлығына тәуелсіздік алған кезден бастап куә болып келеміз. Бұл қатарда «Болашақ», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» мен жұмыспен қамтуға арналған өзге де бағдарламаларды, жас отбасыларды баспаналы етудің түрлі жолдарын көздейтін өзге де жобаларды айтсақ болады. Ал биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы Мемлекет басшысының болашақтың іргетасын қалап жатқан жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамы деп білеміз.
Кеше Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының ашылуын тікелей эфирден тамашалай отырып, Қазақстан жастарының ертеңгі күнге деген сенімдері мен үміттері орасан екенін аңғарып, шын қуандым. Әсіресе елімізде баламасы жоқ жобалар ұсына келген жаңа буын өкілдерінің талабына тамсандым.
Сол ұсыныстардың ішінде қазақтың саятшылық өнерін жаһан жұртына жария етіп жүрген қандас қызымыз Айшолпанның жас жүрегінің «Отаным» деп елжірегені ерекше әсер етті. Ал оның «Астанада және басқа қалаларда қазақтың салт-дәстүрін оқып-үйрететін орталықтар, соның ішінде бүркітшілер мектебі ашылса» деген тілегі көптен бері көкейде жүрген ойды дөп басты.
Анығында бұл бағыттағы тұңғыш мектеп «Қауырсын» атауымен 1981 жылы Жамбыл жерінде құрылып еді. Сол кезде ол Кеңес Одағы мен Орта Азия көлемінде алғаш ашылған болатын. Сондықтан бұл іс біз үшін жаңашылдық емес. Тек билік тарапынан қолдау болса болғаны.
Егер мұндай мектеп құрылар болса, оның пайдасы мол болар еді. Біріншіден, бұл құстар ұстайтын арнайы питомник ашуға мүмкіндік береді. Өйткені қазіргі уақытта біздің құсбегілер бүркіт, қаршыға, лашын секілді құстарды даладан аулап алуда. Бірақ олардың басым бөлігі Қызыл кітапқа енгізілген. Демек, әлемдік жануарлар құқығын қорғау ұйымы қазақ саятшыларын жауапкершілікке тартуы мүмкін. Ал арнайы құс асырайтын орын болса, оларды өзімізде өсіріп, баулуға жол ашылар еді.
Екіншіден, мектеп жанынан жас натуралистер үйірмесін ашуға да болады. Бір мысал айта кетейін, жуырда ғана Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында «Үшбұлақ» жағалауы пайдалануға берілді. Онда жіберілген аққу-қаздар қала жұртшылығының көз қуанышына айналды. Алайда оларды қыстату жағы қарастырылмады. Егер мұндай мектеп жұмыс істегенде құстарды өз өңірімізде қыстан аман өткізуге болар еді. Ал бұл жұмыс өміршеңдігін дәлелдесе, ары қарай зообаққа айналдыруға да жағдай жасау қиын емес.
Үшіншіден, ата-бабамыздың салт-дәстүрін оқытып, үйрететін мектептерде қазақтың атбегілік, құсбегілік, күйшілік пен әншілік сынды құнды өнерлерін бір арнаға тоғыстырған сал-серілікті де жандандыруға мүмкіндік туар еді. Былайша айтқанда, бұл секілді мектепті ашу – Жастар жылындағы жарқын жобалардың бірі болары сөзсіз.
Жалпы, қазақта саятшы қыздар көп болған. Алайда оның бірін білсек, бірін білмейміз. Осы ретте ата өнерді әлемге танытып жүрген Айшолпан қызымызға алғысымды білдіремін. Ал кеше ғана шымылдығын түрген Жастар жылы Айшолпан секілді арманы асқақ, талабы таудай жастардың мақсатына жетуіне үлкен мүмкіндік болады деп ойлаймын.
Жапар САТЫЛҒАНОВ,
натуралист-құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы