Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек

50
Адам өмірінде бір қарағанда қарапайым көрінетін, бірақ тағдырдың бағытын түбегейлі өзгертетін екі таңдау бар. Оның бірі – жар, екіншісі – мамандық. Бұл екеуі кейде бір сәттік шешім секілді қабылданғанымен, салмағы жылдармен, тіпті ғұмыр бойымен өлшенеді.
Жар – адамның рухани тірегі. Ол сенің қуанышыңды еселеп, қайғыңды бөлісетін жолдас. Дұрыс таңдалған жар адамды биіктетеді, ал теріс таңдау өмірдің өзін ауыр сынаққа айналдырады. «Адамды адам ететін – орта» десек, сол ортаның өзегі – отбасы. Үйдегі тыныштық, түсіністік пен сыйластық адамның мінезін де, болашағын да қалыптастырады.
Ал, мамандық – адамның қоғамдағы орны. Таңдаған кәсібің сенің күнделікті серігіңе айналады. Сүймеген іс мәжбүрлі міндетке, ал жүрек қалаған еңбек өмір мәніне айналуы мүмкін. Мамандық арқылы адам өз қабілетін танытады, елге қызмет етеді, өзін табады немесе… жоғалтады.
Ойланбай жасалған екі таңдау да бір-біріне ұқсас: екеуі де адамның ішкі еркіндігін шектейді. Өзіңді түсінбейтін жармен өмір сүру қандай ауыр болса, жаныңа жақпайтын кәсіппен күн өткізу де сондай қажытатын күй. Мұндай жағдайда адам тағдырға емес, өз таңдауына өкпелейді.
Сондықтан бұл екі шешімде асығыстыққа орын жоқ. Талап пен талғам, ақыл мен жүрек тең үндескенде ғана дұрыс жол табылады. Жастарға үлкендер «ақылыңмен таңда» дейді, ал жүрек «сезіміңді тыңда» деп сыбырлайды. Даналық – осы екеуін үйлестіре білуде.
Ақырында, өмір сені кіммен бірге жүргеніңе және немен айналысқаныңа қарап бағалайды. Бақытты ғұмыр – байлықтың не атақтың емес, дұрыс жасалған екі таңдаудың жемісі.
Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу – өз өміріңе жауапкершілікпен қараудың ең биік көрінісі.
Аянат Мұратқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.