Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 6 қазаны күні қыз баласының репродуктивті денсаулығын сақтау және дұрыс тамақтану ережесін түсіндіру мақсатында «Қыз баласының репродуктивті денсаулығы» тақырыбында «ZHANUYA» емханасының мамандарымен бірлесіп «Тараз сервис және технология» колледжінде қыздар қауымымен кездесу өткізілді.
Шара барысында мамандар қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы және қыз баласының тірбиелік мәні туралы талқыланды. Қыз баланың денсаулығы – болашақ балаларының өмірінің құтқарушысы. Ана болу үшін қыздарға жас кезінен бастап денсаулығына аса жауапкершілікпен қарау міндет. Нәзік жаратылыс иелері суық пен ауыр күш еңбегінен ары болғаны дұрыс.
« Репродуктивтік денсаулықты сақтау — әр адам үшін маңызды! Бүгінгі кездесу барысында жастарға барынша толық ақпарат беруге тырыстық. Қыздар қауымымен осындай кездесулер өткізу еліміздегі кейбір жағдайлардың алдын алуына бірден бір себепші болады. Қыз баланың денсаулығы-болашақ ұрпақтың денсаулығы. Жастардың ұйымдастыруымен осы сынды кездесулер жиі өткізіледі. Бұл кездесу қыздар қауымына өтте пайдалы болды.» — дейді «ZHANUYA» емханасының маманы Назарбекова Нұрзада Серікқызы.
Емхана СӨС медбикесі қыз балаларына арнайы муляждарды көрсету арқылы, зиянды әрекеттерден аулақ болу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, психолог маманы ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында видеоролик көрсетіп оны талқылау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, денсаулығын сақтау және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында дұрыс тамақтану жолдарын айтып, қыздардың көңіл күйлерін көтеру мақсатында психологиялық ойын жаттығуларын жүргізді. Семимнар соңында қыз балалары семинардан алған әсерімен бөлісіп, мазалап жүрген сұрақтарына толыққанды жауап алды.