Жаңашылдық — өркендеу кепілі

1 311

Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің бүгіні мен болашағы туралы жүректен өткен ой толқындары жазылған. Мақаланың Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді.

Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу мақаланың өн бойына алтын арқау болып өрілген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтардың алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі, озық стратегиялармен жарақтануы, халықаралық коммерциялық һәм концептуалды жобаларды ілгерілетуі маңызды. Бұл — бәсекеге қабілеттіліктің бір шарты.

Тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, қазақ елі «күрес кеңістігіне» аяқ басты. Тәуелсіз елге ешқашан ертеңге енжарлық танытуға, саяси және экономикалық өмірге селқос қарауға болмайды. Оның үстіне мемлекеттілікке төнген жаһандық сын-қатерлер саны артқан сайын «күрес кеңістігі» де кеңеюде. Тәуелсіз мемлекеттер үш басты аждаһадай анталаған экстремизмен, сепаратизммен, терроризммен күресуге мәжбүр. Өйткені, тәуелсіздікті сақтау бәрінен маңызды. Бұл күрестен мемлекет ешқайда қаша алмайды. Қашса, тек тарихтың қойнауына, тұңғиығына ғана жол тартады. Сондықтан, Елбасы жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз бен отаншылдығымыз арқылы төтеп беретінімізді атап көрсетті.

Бағдарламалық мақаланың «Прагматизм» атты бөлімінде «Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады» — деген Н.Назарбаев алдағы онжылдықтардың ұранына «реализм мен прагматизмді» ұсынды.

«Жалғандық жарға жығады» дейді халық даналығы. Біз бабалар батасы дарыған, ата аманатын арқалаған елміз. Сондықтан, Елбасы қоғамды бос демагогия дертінен арылтуға күш салды. Оның орнына елді өркендететін жаңаруларға ерекше мән берді. Білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке бағдарлады. Бұл – қалыпты өмірді қауіпті өмірге айналдырмаудың және нақты жаңғырудың қамы.

Біз ұлтымыздың бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, жымиып күліп, жылмаң сөйлеп, жыландай жылжыған жат идеологияларға лайықты тойтарыс берсек, жерұйықтай мемлекетке айналамыз деген сөз.

Г. Ибраимова,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті

ЖД-158/2 мекемесінің аға инспектор психологы,

әділет аға лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.