Жаңа Конституция күшіне енеді, самокаттардың жүруіне шектеу қойылады: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?

68
Фото: Stan.kz

1 шілдеден бастап қазақстандықтардың күнделікті өміріне әсер ететін бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңа Конституциядан бастап құрылыс, медицина, банк қызметі, пойыз билеттері, газ, импорт, ипотека және цифрлық қызметтерге дейінгі жаңашылдықтар ел тұрғындарының шығынына да, тұрмысына да тікелей ықпал етеді. Не өзгереді, не қымбаттайды және қандай жаңа талаптар енгізіледі.

Жаңа Конституция

Ең маңызды оқиғалардың бірі 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енуі. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның күші жойылады.

Жаңа Конституцияның преамбуласы нақтыланып, онда мемлекеттің негізгі қағидаттары, яғни унитарлық құрылым, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы, аумақтық тұтастық және заң үстемдігі айқын бекітілді.

Сондай-ақ егемендік пен тәуелсіздік мемлекеттің өзгермейтін басты құндылықтары ретінде белгіленді. Конституцияда Қазақстандағы биліктің бірден-бір қайнар көзі халық екені ерекше атап көрсетілген.

Ата заң
Фото: Ақорда

Жаңа Конституциядағы негізгі жаңалықтардың бірі 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайдың құрылуы болып отыр. Бұдан бөлек, вице-президент лауазымы енгізіледі. Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар өкілеттіктерді жүзеге асырады. Тағы бір маңызды жаңалық – Халық Кеңесінің құрылуы. Бұл халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады.

Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда құрылыс сапасын арттыруға, мемлекеттік бақылауды күшейтуге және заманауи қауіпсіздік талаптарын енгізуге бағытталған жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді.

Құжатқа сәйкес барлық қала құрылысы жобалары, соның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары міндетті түрде сараптамадан өтеді. Сонымен қатар мұндай жобаларға өзгерістерді екі жылда бір реттен жиі енгізуге болмайды.

Бұдан бөлек, салынып жатқан әрбір нысанға бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Ал жобалардың іске асырылуын бақылау мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Кодексте сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударылған. Онда сейсмикалық тәуекелдерді міндетті бағалау, қорғаныстың заманауи технологияларын қолдану және сейсмикалық қауіпті өңірлерде құрылысқа қойылатын талаптарды күшейту көзделген.

Сондай-ақ жаңа Құрылыс кодексі аясында құрылыс саласын бақылауды күшейтуге және салаға қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған қосымша шаралар іске асырылады.

құрылыс
Фото: magnific.com

Қала құрылысы қағидалары өзгереді

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеудің жаңа қағидалары күшіне енеді.

Енді бас жоспарларды әзірлеу және оларға өзгерістер енгізу тек жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Тек кейбір егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына қатысты ерекшелік қарастырылған. Олардың шығындарын инвестор өз мойнына ала алады.

Қоғамдық талқылауларды ұйымдастыруға да ерекше назар аударылады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар өздерінің интернет ресурстарында арнайы бөлім ашуға, бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жариялауға және ашық жиналыстар өткізуге міндетті болады. Қоғамдық талқылау кемінде 50 адамның қатысуымен өтті деп есептеледі.

Сонымен қатар енді қала құрылысы құжаттарын әзірлеу кезінде елді мекендердің дизайн-коды, сәулеттік стилі, ғимараттардың қабаттылығы мен түстік шешімдері ескеріледі. Сондай-ақ сейсмикалық, сел және көшкін қаупі сияқты табиғи тәуекелдерге ерекше көңіл бөлінеді.

Самокаттардың жүруіне шектеу қойылады

Қазақстанда 1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокаттарға жаңа талаптар енгізілді. Енді әрбір самокатқа жеке тіркеу нөмірі беріледі, ал пайдаланушылар үшін сақтандыру полисі міндетті болады. Сондай-ақ кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын, жылдамдығы мен қозғалысын бақылауға міндеттелді. Жүргізуші куәлігі жоқтарға жолдың жүріс бөлігімен жүруге тыйым салынды. Ал 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толық тыйым күшіне енеді.

самокат
Фото: magnific.com

1 шілдеден бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді?

1 шілдеден бастап МӘМС жүйесінде бірнеше жаңа қызмет енгізілуі мүмкін. Ең басты жаңалықтардың бірі – жұлын бұлшықет атрофиясына (ЖБА) генетикалық скрининг жасау. Бұл тұқым қуалайтын аурулардың қаупін ерте анықтап, отбасын жоспарлауға көмектеседі.

скрининг
Фото: magnific.com

Сондай-ақ бет сүйегінде туа біткен ақауы бар балаларға күрделі реконструктивті және пластикалық оталар МӘМС есебінен жасалады. Бұдан бөлек, онкологиялық науқастарды емдеуге бөлінетін қаржы қайта қаралады. Оның ішінде томотерапия сияқты жоғары технологиялы сәулелік ем түрлерін қаржыландыру жақсарады.

Медициналық қызметтердің сапасын арттыру, халықаралық стандарттарды енгізу және өңірлерде жоғары технологиялы емдеу мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Егер жоба қабылданса, бұл өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

19 шілдеден бастап бірыңғай QR іске қосылады

19 шілдеден бастап қазақстандықтар бірыңғай банкаралық QR арқылы төлем жасай алады. Енді қай банктің клиенті екеніңіз маңызды емес – кез келген банктің QR-коды арқылы тауар мен қызмет ақысын төлеуге, сондай-ақ телефон нөмірі бойынша басқа банк клиентіне ақша аударуға мүмкіндік туады. Бұл жүйеге еліміздегі барлық банк қосылған. Осылайша, әр банкке бөлек QR іздейтін кезең артта қалмақ.

 QR
Фото: magnific.com

Білім гранттарына құжат қабылдау басталады

13-20 шілде аралығында талапкерлер білім гранты конкурсына құжат тапсыра алады. Өтінімді университеттердің қабылдау комиссиялары арқылы немесе eGov порталы арқылы онлайн беруге болады. Қажет құжаттар:

  • жеке куәлік,
  • ҰБТ сертификаты
  • 3×4 фото
  • аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом.

Ал жеңілдікпен қатысатындар тиісті растайтын құжаттарын қоса тапсырады. Ал «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарын ұшуда пайдалану» мамандығына түсетіндер міндетті түрде арнайы медициналық тексеруден өтуі керек.

білім гранты
Фото: magnific.com

Ресейге баратындар үшін жаңа талап енгізіледі

1 шілдеден бастап Ресейге оқуға немесе жұмысқа баратын Қазақстан азаматтары жаңа тәртіппен кіреді. Енді шекарадан өтпес бұрын кемінде 72 сағат бұрын «Госуслуги RuID» мобильді қосымшасына тіркеліп, электронды өтінім беру қажет.

Өтінім мақұлданғаннан кейін жүйе жеке цифрлық код береді. Сол код Ресейге кіруге рұқсатты растайды.

Қазақстан мен Ресей
Фото: magnific.com

Әскерге шақыру толық цифрлық форматқа көшеді

4 шілдеден бастап Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа цифрлық жүйесі іске қосылады.

Енді әскерге шақырылатын азаматтар туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде алынады. Сондай-ақ медициналық тексеру нәтижелері мен басқа да деректер электронды форматта сақталады.

Ал 12 шілдеден бастап шақыру комиссиясының шешімдері қағазбен емес, электронды түрде рәсімделіп, электронды цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) бекітіледі.

әскерилер
Фото: magnific.com

1 шілдеден бастап электр энергиясы қымбаттайды, бірақ бәріне емес

1 шілдеден бастап Қазақстанда электр энергиясының шекті тарифтері өседі. Алайда бұл өзгеріс қарапайым халыққа емес, көтерме нарыққа қатысты. Тарифтер елдегі 60 электр энергиясын өндіруші кәсіпорын үшін көтеріледі. Бұл электр станцияларын жаңғыртуға, ескі жабдықтарды ауыстыруға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы тарту үшін жасалып отыр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, тұрғындар үшін электр энергиясының бағасы әзірге өзгермейді.

электр энергиясы
Фото: magnific.com

Пойыз билеттері енді екі түрлі бағамен сатылады

1 шілдеден бастап пойыздағы төменгі және жоғарғы орындардың бағасы бөлек есептеледі. Яғни, төменгі орын қымбатырақ, ал жоғарғы орын арзанырақ болуы мүмкін. Мұндай өзгеріс жолаушыларға өз қалтасына қарай билет таңдауға мүмкіндік береді. Енді кімге жайлылық маңызды болса төменгі орынды, ал үнемдегісі келсе, жоғарғы орынды таңдай алады.

Қазақстанда теміржол тасымалы да қымбаттауы мүмкін. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, алғашқы кезеңде магистральдық теміржол желісі мен жүк тасымалы тарифтері орта есеппен 12%-ға дейін өсуі ықтимал.

Әзірге бұл шешім түпкілікті қабылданған жоқ, нақты есептеулер әлі жүргізіліп жатыр. Егер жаңа тарифтер бекітілсе, бұл инфляцияға 0,3–0,5% көлемінде әсер етуі мүмкін, ал ең жоғары болжам – 0,8%.

Тарифтердің өсуінен түскен қаржы тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталады. Бұл өзгеріс елдегі коммуналдық және газ саласын да қамтитын инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі саналады.

пойыздың билеті
Фото: magnific.com

Шетелден тапсырыс беру ережесі өзгерді

1 шілдеден бастап Amazon, AliExpress, Temu сияқты шетелдік маркетплейстерден келетін тауарларға жаңа тәртіп енгізіледі. 200 еуроға дейінгі тапсырыстар бұрынғыдай кедендік бажсыз өтеді. Ал егер тауардың бағасы 200 еуродан асса, 5% баж салығы бүкіл сомадан есептеледі. Бұған қоса, сатып алынған тауардың толық құнына ҚҚС (Қосылған құн салығы) да төленеді.

Ал электрмобиль, мотоцикл, яхта және қайықтарға 15% тұрақты баж салығы белгіленді. Сондай-ақ қару-жарақ, алкоголь, темекі, қолма-қол ақша және кейбір арнайы тауарларды жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге болмайды.

шетелдік маркетплейс
Фото: magnific.com

Газдың көтерме бағасы қымбаттайды

1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасын 33%-ға көтеру жоспарланып отыр. Билік бұл қадам газ саласына инвестиция тартып, жаңа кен орындарын игеру үшін қажет екенін айтады.

Баға бірден емес, алдағы үш жыл бойы жыл сайын шамамен 33%-ға кезең-кезеңімен өседі. Бұл өзгеріс тек тауарлық газдың көтерме бағасына қатысты. Ал сұйытылған мұнай газының көтерме бағасы әзірге өзгермейді.

газдың бағасы
Фото: svoboda.org

Пәтер бағасы қымбаттауы мүмкін

1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Енді құрылыс компанияларына қойылатын талап күшейеді: ғимараттар міндетті түрде сейсмикалық сынақтан өтеді, ал адал емес құрылыс компанияларының тізімі eGov-та жарияланады.

Сондай-ақ тұрғын үйге берілетін кепілдік мерзімі 5 жылға, ал іргетас пен негізгі конструкцияларға 10 жылға дейін ұзартылады. Сарапшылардың болжамынша, жаңа талаптарға байланысты, әсіресе Алматыда, пәтер бағасы жыл ішінде 10-15%-ға қымбаттауы мүмкін.

Пәтер кілті

Ипотеканы рәсімдеу талаптары мен беру ережелері өзгереді

Себебі ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ГЭСВ) 20%-дық шектеу енгізілгеннен кейін банктердің табысы азаяды. Соның салдарынан екінші нарықтағы ипотекалық бағдарламалар қысқарып, тұрғын үй несиесін мақұлдау деңгейі 35%-дан 23%-ға дейін төмендейді.
Ипотека ала алмағандардың көбі енді жалдамалы пәтер іздей бастайды.

Ал сұраныс артқан сайын, әсіресе Алматы мен Астанада, ұзақ мерзімге жалға берілетін баспананың бағасы көтеріледі. Сарапшылардың болжамынша, жалдау ақысы орта есеппен 12-16% қымбаттап, айына қосымша 30-70 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Азық-түлік бағасы өсуі мүмкін

Әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатқандықтан, бұл Қазақстандағы нарыққа да әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, ұн мен нан, сондай-ақ ет өнімдері қымбаттауы ықтимал. Себебі бидай мен мал азығының бағасы өсіп жатыр. Ең қатты қымбаттауы мүмкін өнімнің бірі – қант. Қазақстан қанттың 75%-дан астамын шетелден импорттайтындықтан, кондитерлік өнімдер, тәтті тоқаштар мен газдалған сусындардың бағасы да көтерілуі мүмкін.

 азық-түлік
Фото: magnific.com

Жанармай тағы қымбаттауы мүмкін, дайын болыңыз

Жазда жанармай бағасы күрт көтерілмейді. Бірақ бензин ай сайын 3–4 теңгеге қымбаттап отыруы мүмкін. Энергетика министрлігінің мәліметінше, енді бензин бағасын мемлекет емес, нарық реттейді. Сондықтан баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгереді.

Дегенмен министрлік бірден 100 теңгеге қымбаттайды деген қауіп жоқ екенін айтты. Бірақ көлік жүргізушілеріне алдағы айларда бағаның біртіндеп өсуіне дайын болған жөн.

жанармай
Фото: magnific.com

Stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.