Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Берік Болатұлы ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Биылғы жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барлығы – 18,5 млрд. теңге (республикалық бюджеттен – 7,9 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 10,6 млрд. теңге) бөлінді. Бүгінгі күні ағымдағы жылдың 8 айына жоспарланған 11,5 млрд. теңгенің (республикалық бюджеттен бөлінген – 6,4 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен бөлінген – 5,1 млрд. теңге), 11,4 млрд. теңгесі (99,9%) игерілді.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі – 11 687,1 млн. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,3 пайызды құрады. Сол сияқты тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3 296,6 млн. теңге инвестиция салынып, 89,2 пайызды құрады. Жыл басынан бері салада – 74 479,0 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі – 103,8% құрады. Оның ішінде егін шаруашылығында – 13 242,8 млн. теңгенің (НКИ — 106,1%), мал шаруашылығында – 61 073,2 млн. теңгенің (НКИ — 103,4%) өнімі өндірілді.
Сонымен қатар, ет өндірісі – 4,0%-ға, сүт өндірісі – 3,0%-ға жұмыртқа өндірісі – 1,3%-ға артты.