Жамбылдық журналистер Түркістан турнирін бағындырды

Жамбылдық журналистер 4-ші сәуір күні Тараз дейтін қасиетті топырақтан Түркістан дейтін қастерлі топыраққа табан тіреген еді. Дүбірлі доп додасында атой салуға аттанған жерлестеріміз абыроймен оралды. Бұл жолғы бәсеке барысы мен командалардың аяқ алысы бұған дейінгі турнирлерден әсте жоғары болды.

536

Десі мықты, деңгейі жоғары жарысқа жамбылдық жігіттер де «еріккеннен бармағанын» елге паш етті. Қатысуды ғана мақсат тұтпай, қара үзуді мұрат етті. Тараздық тілшілердің Түркістан қонақ үйіне тоқтағанынан команданың күшейіп келгенін көпшілік бірден біле қойды. Олай ойлауы да орынды. Өйткені, ә дегеннен әулиеаталық әріптестеріміз республикалық жарыстарға  «Jambyl MEDIA» және «Taraz PRESS» атты қос командасын қосатын. Алайда, осы жолы қос ұжым бірігіп, өте жақсы өнер көрсететінін «өлшеп, кескендей». Жамбыл облысының «Барса» мен «Реалындай» болған қос мықты біріксе Испания құрамындай игі жақсы ұжымға айнала кетенінін анық байқатты. Бұл жолғы жарыста бір тудың астына біріккен батырлардай болған командамыз қарсыластарын қайран қалдырды. Қапы да қалдырды. Сонымен сәл ресмилесек, шағын футболдан «Ер Түркінің»  бесігінде  «Жаңарған Түркістан» атты БАҚ өкілдерінің арасындағы республикалық турнир өтті. Оны Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Қонақтарын қабылдаған «ішкісаясаттықтар» 4-5 сәуір күнгі жұмыс күндерін шағын футболды ұйымдастыру шарасына жақсылап жұмсағандай. Өйкені, алғашқы күннен-ақ, Түркістанның тарихи орындары мен танымал тұлғалары жайлы таныстырылым өткізіп,  саяхат жасатты. Пресс-тур дейді мұндайды.

Өңірге қуат әкелер өндіріс орындарын да көрсетті. Арнайы автобустармен алып жүріп, келушілердің көңілін табуға барынша тырысты.  Журналист-футболистер Сидней олимпиадасының чемпионы  Бекзат Саттарханов атындағы бокс сарайында болып, батырдың рухына бас иді.

Оның олимпиада төрінде төрткүл әлемді таң қылған ерлігін еске алып, мұражайдағы чемпионның байрақты бәсекеде киген киімдерін көзбен көрді.   Ордабасы ауданында орналасқан  ең соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасында болды.

«Тәулігіне 50 тонна сүтті өңдеуге қауқарлы кәсіпорын қаймақ пен айран және балаларға арнап «Бөрте Милка» йогуртының 6 түрін шығарады. Дәмі тіл үйіретін йогурттары шетел өнімдерінен асып түспесе кем түспейтіне көз жеткіздік. Компания кешені өңірдегі жалғыз роботтандырылған сүт-тауарлы ферма  саналады. Ферма шведтің DeLaval компаниясының ең заманауи технологиясын арқылы салынған екен. Біздің таң қалғанымыз фермадағы барлық жұмысты дерлік роботтар атқарады» — дейді тараздық команданың қорғаушысы Мұрат Таубаев.

Расымен де, пресс-тур барысында  сиырды сауу, ферманы тазалау жұмыстары заманауи үлгіде жүргізілетінін байқадық. Жемделетін сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, күндізгідей жарық жүйесі, сиырдың тойғанын анықтайтын арнайы камералары орнатылған.

Инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Мұнда Гольдштейн Фриз тұқымдас 700-ден аса  сиыр бар. Әрқайсысына бірегей коды бар чип орнатылған. Сауын сиыр туралы ақпарат жалпы компьютерге түседі. Әр сиырдан тәулігіне 30-40 литр сүт сауылады. Осылайша бір тәулікте шамамен 9 тонна сүт жиналады екен. БАҚ өкілдерінің құрметіне жасалған серуен аясында ауқымды алма бақпен де таныстық. Ордабасыдағы 50 гектар алқаптағы қарқынды баудан болашақта 3 мың тонна алма алу жоспарда тұр. Тілшілерге таныстырылған кешендерден кейін, кешкісін жарысқа қатысушылардың құрметіне керемет кеш өтті. Осылайша, бірінші күннен бастап түркістандықтар қонақжайлығымен тамсандырды. Ал, ертеңіне басталған  турнир тартысқа толы болды. Жарыс Түркістан облысының орталығындағы «Астана» спорт кешенінде өтті. Доп додасына аты ауысқан астанамыз Нұр-Сұлтаннан бастап Алматы, Шымкент қалалары және  Жамбыл, Қызылорда, Алматы, БҚО, СҚО және Түркістан облысынан 13 команда қатысты.  Олар 4 топқа бөлінді.

«Б» тобында өнер көрсеткен  «Taraz-PRESS»   алғашқы кездесуінде қызылордалық «Сығанақпен» сынға түсті. Жамбылдық команданың қарсыласы жаман емес, бес минут бойы біздің жігіттерге дес бермеді. Алайда «таразпресстің» шабуылшысы Руслан Жансұлтан алтыншы минутта айласын асырып кетті. Артынша «алынбас қақпаға» голдарының бірінен соң бірін тоғытқан Руслан Жансұлтан осы ойында 3 гол соғып, хет-трик авторы атанды. Есеп 3:0 боп тұрды. Тек соңғы минутта қарсыластар жұбату голын  салып үлгерді. Есеп 3:1. «Taraz-PRESS»-тің кесте бойынша келесі қарсыласы БҚО-нан «ЖайықПресс» болды. Бұл ойында  да алғашқы голды жамбылдықтар салды.Екінші кездесудің есебін 11-ші нөмірлі Әлқуат Мамытқұлов ашты. Келесі голды тіпті қақпашымыз салып, Нұрмұхаммед Мәулен де ерледі. Есеп 2:0. Екі гол салып еркінсіген команда қарсыласынан гол кіргізіп алып есін жиды. Жайықтың жағасынан келген жігіттер есепті 2:1-ге қысқарта білді. Артынша ойын алмасу жүріп, алаңға шыққан Данияр Әлімқұл қатарынан 4 гол салып, покер жасады. Жалпы есеп 6-1 болып аяқталды. Осылайша, «Taraz-PRESS» өз тобындағы екі команданы да еш қиналмай жеңіп, «Б» тобынан бірінші орынмен келесі кезеңге шықты. 1/4 финалдың жолдамасын жеңіп алған жамбылдықтарға «С» тобының серкесі талдықорғандық «Тұран» қарсылас атанды. Ә дегеннен әулиеаталық команда алдыға лап қойды. Өткір шабуыл мен өткізбес қорғаныс тактикасы  «Taraz-PRESS»-те тең жұмыс істеп тұрды. Соның арқасында Рулсан Жансұлтан есеп ашып, тағы да хет-трик авторы атанды. Ойынның соңғы минуттарында үш голы бар тараздықтар төртінші голды да тоғытты. Оған қарсыластар 1 голмен жауап қайтарып, ойын 4-1 есебімен аяқталды.

«Ойын 4-1 есебімен аяқталды. Маңыздысы бұл емес. Менің айтайын дегенім ойын аяқталғаннан кейінгі сәт.  Тұрандық жігіттердің қарсыласқа деген құрметі мен ақ тілегі адамға жігер береді. Олардың бойында бар сол қасиетін құрметтедім.  Әр қайссы ойын біте салысымен құттықтап, құшақтап  «Енді бәрін жеңіңдер», «Сендерге ризамыз» деп ағынан жарылды. Және «Біз енді сендерге жанкүйер боламыз» деп жылы лебіздері мен қолдауларын қоса жеткізді.  Біз де оларға алғысымызды айтамыз. Көп командаларда кездеспейтін ізгілік пен сыйластықтың үлгісін көрсетті» дейді таразпрестік Нұртас Несіпбай мен Данияр Әлімқұл.

Расымен де, спорт сыйластық сыйлайтын пен араласу арқылы жақындастыратын жақсы ермек, тіпті тірі хобби. Сонымен, жартылай финалға «А» тобында азуын айға білеген  алматылық «Алматы» құрамасы,  «Taraz-Press» (Жамбыл), «Хабар» (Астана) және «Сығанақ» (Қызылорда облысы) командалары шықты. «Хабарды» қабылдаған жамбылдықтар жасындай жарқылдады. Гол да салды, жарақат та алды. Айта кететіні, Руслан Жансұлтанды осы ойында «хабардың» қорғаушысы теуіп, тобығы шығып кетті. Ауыр жарақат алып, алаңнан кеткен Руслан өз командасы бір доп айырмасымен жеңіліп жатқанын көріп 5 минуттан соң қайта оралды. Алайда, «Ақсаңдап жүгірген  шабуылшы не тындырады» деп сенбеген жұрт оның екі адамды алдап, голдық пас бергеніне куә болды.  Осылайша ол бір аяқпен ойнап, ерлік жасады. Ойында жамбылдық шабуылшы Нұртас Несіпбай дубль авторы атанды. Есеп 3-3. Сонымен жартылай финалдық кездесулердің тағдыры тең есепті тіркеумен аяқталып жатты. Амал жоқ, ақтық ойындардың жеңімпаздары пенальти арқылы анықталды. Сыр елінен келген «Сығанақ»  алматылықтардан басым болды, жамбылдықтар «Хабарды» қапы қалдырды. 3-2. Осылайша, осымен үшінші мәрте  «Таraz-PRESS»  республикалық турнирлердің финалына шығып отыр.

Ал, үшінші орын алуға үмітті  Алматы командасы «Хабар» агенттігінің осал тұсын тауып, ойсырата жеңді. Жанарбек Әшімжан бастаған оңтүстік астанамыздың жігіттері «нұрсұлтандықтарды» 7-2 есебімен елордаға ес жидырмай шығарып салды. Әрине, әр кім жете бермейтін, жетсе жетегі өлмейтін финалда Таластың «Taraz-Press»-і  мен Сырдың «Сығанағы»  дуэль жасады.  Айта кететіні, алымы мықты қос команда да бір топтан шыққан. Өз тобында «Сығанақ» сүрініп,  жамбылдықтарға 3-1 есебімен есе жіберген етін. Дегенмен, ақтық ойынға деген дайындық бөлек, деңгей жоғары болады емес пе!.. Бұл бәсекеде де ойынның негізгі уақытысында 2-2 тіркеліп,  табло тақтасы есептің тең екенін түсіндірді.

«Бақ шаба ма, фарт шаба ма» деген қос мықты айып алаңының маңына жиналды. Бірі алақан жайып, аспанға қарады. Бірі жүйкесі жұқарып, жүндей түтілді. Тынышы кетіп, тынысы тарылып ойыншыларды мазасыздық меңдеді. «Не боп кетер екен, ә?!» деп нетіп тұрған көрермендер де көп. Өзін сергек ұстап, сенімді қараушылар да жоқ емес. Осылай ойын тағдырын ойлап тұрған сәтте алғашқы пенальтиді тебуге алаңға өзін өте сенімді ұстап Нұржан Туғанбай шықты. Жылы жымиып шыққан жамбылдық команданың капитаны допты тоғыздықта тулатты. Тор жыртылып кетпегеніне қуандық. Қарсылас та қапы қалмады. Теңесті. Соңғы есеп 3-2.

Сонымен, Сыр бойынан келген «Сығанақ» командасы «Жаңарған Түркістан» республикалық турнирінің чемпионы атанды.

Жеңімпаздар мен жеке сыйлық игерлерін Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев салтанатты түрде марапаттады. Бірінші орынды байлаған «Сығанақ» кубогын көтеріп, медальын тағынып, 500 мың теңге ақшалай сыйлық алды.

Екінші орынды еншілеген «Taraz-Press» – 300 мың теңгенің сертификатын олжалап,  қола жүлдегер атанған «Алматы» командасы 150 мыңға қол жеткізді.

Турнирдің «Үздік ойыншысы» сыйлығымен көпке таныс комментатор Жандос Айтбайұлы (Алматы) марапатталды,  «Хабар» агенттігінің капитаны әрі қорғаушысы болып табылатын Нұрсұлтан Құрманға дегенмен «Үздік шабуылшы»  сыйлығы берілді.  Шоқан Маханов (Алматы) «Үздік қақпашы» атанып,   «Үздік қорғаушы» Рүстем Қанапиянов (Алматы) марапатталды. «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин (БҚО) ардагер ойыншы атанып, «Октябрь Жарылғапов атындағы сыйлық» тапсырылды. Өте таза ойын өрнегін көрсеткені үшін «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай (СҚО) Әбдісалан Нұрмаханов атындағы сыйлыққа  ие болды.  «Қазақ спорты» газетінің журналисі Бек Төлеу көрермен көзайымына айналып,  Бекзат Саттарханов атындағы жүлде тапсырылды.Түркістан жері бокс мектебі болғандықтан,  жүлдегерлерге естелік ретінде былғары қолғаптар берілді.

Тарихы бай Түркістан жеріндегі турнир тамаша ұйымдастырылуымен елдің есінде қалды. Қаламын бір сәт допқа айырбастаған әріптестер сәуір айының соңында Талдықорғанда өтетін турнирге дайындалмақ.

Р. Жансұлтан 

http://jambylmedia.kz/?p=396

Leave A Reply

Your email address will not be published.