Жамбылдық полицейлер балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектептің тәрбиеленушілерімен кездесті

142

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепте есірткінің зияны туралы дәріс өткізді.
Арнайы мектепте құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімімен осында орналастырылған кәмелетке толмаған жасөспірімдер тәрбиеленуде.

Кездесу барысында тыңдаушыларға нашақорлықтың алдын алу, есірткі затын тұтыну мен таратудың құқықтық мәселелері туралы айтылды.
— Нашақорлыққа тәуелді адамдармен жүргізілген жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, осы «қақпанға» түскеннен кейін одан шығу өте қиын деп айта аламын. Есірткіні қолданудың зардабы өте ауыр. Есірткіге тәуелді адам үшін ерік-жігердің өзі жеткіліксіз, одан бас тарту үшін мамандардың кәсіби көмегі мен оңалту жылдары да қажет. Нашақорлық дерті сіздің өміріңізге ғана емес, жақындарыңыздың өміріне де, адам ағзасына да кері әсер етеді. Сіздердің келешек өмірлеріңіз алда. Қазір жастар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Жастарға тек ерекше ынтамен оқып білім алу, өзін жан-жақты дамыту, салауатты өмір салтын ұстану, биік талаптарға үлкен сеніммен ұмтылу және алға қойған мақсаттарына табандылықпен жету керек, — деп атап өтті Әлім Бажықбаев.

Кездесу барысында қатысушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Полиция подполковнигі ІІО-дағы жұмыстар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар турасында тарқатып айтты.

— Бүгінгі дәріс барысында біздің тәрбиеленушілер көптеген пайдалы ақпарат алғанына сенімдімін. Өкінішке орай, балалар арасында бір кездері есірткі заттарын қолданғандар да бар. Сондықтан біз алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударамыз. Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұжымына тығыз ынтымақтастығы үшін алғысымды білдіремін, — деді Жамбыл облысының әкімдігі білім басқармасының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Оспан Күнтубаев.

Іс-шара соңында Әлім Бажықбаев барлық қатысушыларға сыйлықтар табыс етті.
Осындай кездесулер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау шеңберінде Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен қаланың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары мен студенттерінің қатысуымен жүйелі түрде өткізілуде. Іс – шараның мақсаты — жасөспірімдердің назарын нашақорлық мәселелеріне аудару және бірлескен алдын алу жұмыстарын жүргізу.

Leave A Reply

Your email address will not be published.