Жамбылда онкологиялық орталықтың хирургтары сәтті оталар жасауда

226

Көмекей обыры —  барлық онкологиялық аурулардың 2,6 пайызын құрайды. Бұл бас және мойын ісіктері арасында пайда болу жиілігі бойынша — бірінші орында.

Бұл  ауруға, көбінесе, ер адамдар шалдығады және әйелдерге қарағанда 9-10 есе жиі диагноз дәл осы ер азаматтарға қойылады. Науқастардың 80-95% — ы 40-тан 60 жасқа дейінгілер. Олардың басым бөлігі – темекі  шегушілер.

Ісіктің алғашқы белгілері ерекше емес және көптеген қабыну ауруларының белгілеріне ұқсас, сондықтан оны анықтау қиынға соғады.

Ерте белгілерге 38С-қа дейінгі температура, әлсіздік, шаршау, жалпы әлсіздік, ұйқышылдық жатады.

Кейінгі белгілерге тамақтың құрғауы мен қышуы, жұту кезіндегі ыңғайсыздық пен ауырсыну, ісіктің даму жағындағы  құлақтың ауруы, көмекейде бөгде зат тұрып қалғандай сезім, дауыстың өзгеруі, дауыста сырылдың болуы,  ұстамалы құрғақ жөтел жатады. Кеш кезеңде тыныс алудың қиындауы, тұншығу, ауыздан жағымсыз иіс, қан ұйығыштары бар жөтел пайда болады. Жұтылу кезіндегі ыңғайсыздыққа байланысты науқас тамақ қабылдауды шектейді, ағза әлсірей бастайды.

Адам ауруын асқындырмай тезірек дәрігерге қаралса, емдеу нәтижесі де тиімді болады. Тіпті ерте белгілер (әлсіздік, шаршау) дәрігерге баруға себеп болуы керек. Бұл жағдайда ісік диагнозын ерте сатысында қоюға болады. Егер жөтел пайда болып, жұту кезінде қиындықтар болса, уақыт жоғалтпай дәрігермен кеңесу қажет.

Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында 32 жасар Жуалы ауданының тұрғыны  көмекейдің жоғарғы үштен бір бөлігінде ісіктің өсуі диагнозымен емделуде.

Науқас Нұр-Сұлтан қаласында тексерілу  кезінде оның өңешінде көмей ісігі анықталған. Онколог дәрігерлер хирургиялық емдеуді және химиялық сәулелік терапияны ұсынды. Алайда науқас хирургиялық емдеуден бас тартып, үйіне қайтады. Аурудың дамуына байланысты денсаулық жағдайы нашарлап, тыныс алу жеткіліксіздігі пайда болды.

Пациент жедел түрде   Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының ЛОР бөлімшесіне түседі. Оған тез арады коникотомия немесе трахеостомия жасалдытрахеяға арнайы түтік енгізу). Дегенмен, ісіктің өсуіне байланысты коникотомия мен трахеостомия жүргізу техникалық жағынан қиынға соққанымен, бұл шара толығымен жасалды. Аталған емдік шарадан соң, келесі күні науқас 1-онкохирургиялық бөлімшеге ауыстырылды, онда дәрігерлер трахеяның төменгі үштен бір бөлігіне  трахеостомия жасады. Ем-шара мен жүргізілген әңгімеден кейін әйел радикалды отаға келісім берді.

Жоспарлы түрде операция алдындағы дайындықтан кейін кеңейтілген ларинго-фарингоэктомия, трахеостоманың, фарингостоманың, эзофагостоманың қалыптасуымен өңештің мойын бөлігінің циркулярлық резекциясы жүргізілді. Бұл — бас және мойын аймағындағы ең күрделі кеңейтілген операциялардың бірі.

Оның ерекшелігі – бірінші кезеңде көмекей, содан кейін жұтқыншақ алынып тасталады, ал үшінші кезеңде  мойынның  өңештегі  ісік орны жойылады. Науқас мұндай отадан соң, әдетте, сөйлей алмайды,  өздігінен жұта алмайды және тамақтана алмайды.  Тамақ эзофагостомаға енгізілген зонд арқылы беріледі. Дегенмен, операциядан соң бірер күндер өткен соң және тиісті күтімнен кейін пациент бұл қиындықтардан шығып, жағдайы әжептәуір жақсарады. Дегенмен, осымен тоқтап қалмай, емдеу шаралары әрі қарай жалғаса береді. Осы орталықтың   хирургия бөлімінің меңгерушісі Жандос Сейдахметов және хирургтар Ерасыл Арапов, Асхат Суанбеков  үшін — бұл алғашқы ота емес. Мұндай хирургиялық араласулардан соң, бірқатар пациенттер жазылып, тиісті емін алып, қалыпты өмірге көшкен.

Осы науқасқа 1,5 айдан кейін қалпына келтіру операциясы жасалып, жергілікті тіндерден және үлкен кеуде бұлшықетінің терісінен жасанды жұтқыншақ және мойынның  өңеші қалыптастырылып, эндодауыс  протезі орнатылады.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, өздігінен тамақтана алады. Трахеостома арқылы тыныс алады, дауысы эндодауыстық протездің көмегімен шығады. Профилактикалық химиотерапияның 3-ші  курсын алуда. Алдағы уақытта пациентті үйіне шығару жоспарлануда.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.