30 тамыз – Конституция күнінде Тараз төрінде облыс әкімінің кубогы журналистер арасында сарапқа салынады. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы ұйытқы болып отырған республикалық додаға қазірдің өзінде «Хабар» арнасы (Астана), Шымкент, Талдықорған қалаларының командалары және Батыс Қазақстан облысынан «Жайық пресс» ұжымы қатысуға ниет білдіруде.
Жалпы, бұл аламан бұрынғыдан өзгерек. Ережелері де ерек. БАҚ саласына қатысы жоқ ойыншылар жарыстан бірден шеттетіледі. Және бәсі биік бәсекеге қатысушылар 28 тамыз күні кешкі 19.00-ге дейін өтініштерін тапсыруы тиіс.
Ал, журналистер арасындағы жарыстың жүлде қоры қомақты. Жеңімпаз командаға әкім кубогы мен 700 мың теңге сыйақы берілетін болса, екінші орын иегеріне 400 мың, үздік үштіктен көрінген командаға 200 мың теңгенің сертификаты табыс етіледі. Сондай-ақ, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша да 25 мың теңге көлемінде марапаттар белгіленген.
Ендеше, өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған аладоп аламанынан шет қалмаңыз!