Облысымызда күн сайын 77-ден астам, ай сайын 2 000-2 400 аралығында сәби өмірге келеді екен. Соның есебінен биылғы жылдың 6 айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда туу көрсеткіші 263-ке өскен. Бір маңызды жайт, өңірде нәресте өлімі 6 айда 1 000 тірі туған сәбиге шаққанда 8,7 пайызға төмендеген. Бұған сәби өлімін азайтуға бағытталған шаралардың оң нәтиже беруі сеп болып отырса керек. Өйткені, салмағы 500 грамм және одан асатын шақалақтардың өмір сүруіне бүгінде толық мүмкіндік бар. Оған соңғы 5 жылда салмағы 1 500 граммға дейінгі санаттағы балалардың тіршілікке қабілеттілігінің жақсара түскені дәлел.
Бұл туралы мәліметті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов жеткізді. Сондай-ақ, ол денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының іске асырылу барысына да кеңінен тоқталды.
Жалпы, иммундаумен қамту көрсеткіші облыста 95,2 пайызды құрапты. Ал, алғашқы жартыжылдықта скринингтен өткен 442 238 тұрғынның 26 537-сінің науқас екені анықталса, олардың 62 пайызы диспансерлік тізімге алынған. Алдын алу және емдеу шараларын нәтижелі жүргізудің арқасында қатерлі ісік және басқа да түрлі аурулар көрсеткіші айтарлықтай төмендеген.
Қоғамдық денсаулықты дамыту бойынша облыста балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу бойынша жол картасы енгізіліп, 15-17 жастағы балалар арасында өз өміріне қол жұмсау деңгейі 2,1 пайызды құраған. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында өзін-өзі өлімге қию фактілері былтырғы есепті мерзіммен салыстырғанда 66 пайызға кеміген.
Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері денсаулық сақтау саласына қатысты көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауапқа қанықты.