Бүгін Тараз қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында каналдар мен арықтар тазалануда.
500-ден астам еріктілер мен белсенді жастар және қала тұрғындары қатысқан акция «Денсаулық» саябағындағы «Қарасу-2» каналының жағалауында өтті.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері Жамбыл облысында 816,6 шақырым канал мен арық қоқыстардан тазартылған. Бұл жұмыстарға еріктілер, жастар, тұрғындар қатысты.
Бүгінде Тараз қаласындағы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін 300 шақырымға жуық каналдар мен арықтар тазартылатын болады.
Бұған дейін аймақ басшысы облыс орталығындағы су каналдары мен арықтардың жай-күйімен танысып, кешенді тазалаудан өткізу бойынша қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын.
Соған сәйкес, қазіргі таңда 6 каналда механикалық тазалық жұмыстары басталып үлгерді. Жалпы, биыл қаладағы 8 канал тазалаудан өтеді.
— Тараз қаласындағы каналдардың тазалығы назардан тыс қалған емес. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» акциясы аясында қайта жандана түсті. Мен тұратын «Қарасу» шағын ауданындағы жағалау қаламыздың көрікті жерлерінің біріне айналып келеді. Бұрын қамыс пен қоға басып жатқан аймақ бүгінде талдар егіліп, гүлмен көмкерілген көрікті мекенге айналды. Кешкісін отбасымызбен шығып, осында серуендеуді дәстүрге айналдырдық, -дейді қала тұрғыны Бақытжан Тоқболатов.
Жамбыл облысы