ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАНДАРЫНДАҒЫ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРЫ ДА ВАУЧЕРЛІК ҚАРЖЫЛАНДЫРУҒА ӨТУДЕ

82

Жамбыл облысында мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда өңірдегі 618 балабақшада 62 384 бала тәрбиеленуде. Оның 278-і жекеменшік ұйымдар болып табылады, онда 28 881 бала білім алуда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі бүгінде 91,3%-ды құрайды. Дегенмен, 2-6 жас аралығында 7079 бала әлі де кезекте тұр. Бұл мәселені шешу үшін 2024 жылы 3459 орындық 33 жекеменшік балабақша ашылып, балаларды қамту көрсеткіші 95%-ға дейін артты.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы №53 бұйрығына сәйкес, Тараз қаласында ваучерлік қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. 2024 жылдың шілдесінен бастап жоба шеңберінде қаладағы 172 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 60 мемлекеттік және 112 жекеменшік балабақша, жаңа жүйеге көшті.

Бұл бастама облыстың барлық аудандарында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т. Рысқұлов және Сарысу аудандарында ваучерлік қаржыландыру жүйесі толық іске қосылды. Ал Мойынқұм, Талас және Шу аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасуда.

Ваучерлік қаржыландыру – мектепке дейінгі білім беру саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ететін маңызды қадам. Бұл жүйе:

  • Балабақша кезегінде тұрған балалардың орын алуын жеңілдетеді;
  • Қабылданған балалардың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді;
  • Жан басына шаққандағы қаржыландырудың әділ және ашық бөлінуін қамтамасыз етеді.

Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үдерісін жеңілдету үшін «INDIGO» ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе арқылы ата-аналар балаларын балабақшаға тіркей алады және олардың кезегін қадағалап отырады. Жүйе туралы толық ақпаратты арнайы сайттан (https://indigo-taraz.e-orda.kz/) алуға болады. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram, YouTube) арқылы жүргізілуде.

Жамбыл облысы мектепке дейінгі білім беру саласында жаңа реформаларды жүзеге асыра отырып, балалардың сапалы тәрбие мен білім алуына жағдай жасауды жалғастыруда. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі мен цифрлық технологияларды енгізу арқылы балабақшаға қолжетімділікті арттыру – аймақтағы әр баланың жарқын болашағына жасалған үлкен қадам.

Leave A Reply

Your email address will not be published.