Жамбыл облысының әкімі ауылдықтардың мәселелерін тыңдады

124

 

 

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тұрғындармен кездесулері жалғасуда.

Айта кетейік, бүгінге дейін облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдер халықпен 820-дан астам кездесу өткізсе, оның 23-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.

Бүгін аймақ басшысы Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдады.

Басқосуларға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Облыс әкімі алдымен Аса ауылдық округінің тұрғындармен кездесті.

Нұржан Нұржігітов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру барысына тоқталды. Аймақ басшысы Жолдаудағы «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» секілді негізгі бағдарларға жеке-жеке назар аудартып, олар бойынша өңірде атқарылуы тиіс жоспарлы-жұмыстарды атап өтті.  Бұл шаралар экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік ашып отырғандығын жеткізді.

Кездесуде ауыл тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Олар негізінен ағын су, газ тарту, жер телімін беру, қант қызылшасын өсірушілерге қолдау, күл-қоқыстарды жинау және тағы басқа мәселелерді көтерді.

— Суармалы су мәселесін шешу бойынша облыста ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Бұл бағытта Халықаралық даму банктерінің мүмкіндігін пайдалана отырып, бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде. Аудандардағы каналдар мен ұңғымар жөнделіп, қалпына келтірілуде. 6 су қоймасын салу жоспарланған.

Біз жерасты суларын да тиімді пайдалануға баса мән беруге тиіспіз. Бұл орайда ұңғымалардың мүмкіндігіне жүгіну маңызды. Су үнемдеу технологияларын да көптеп енгізуге ден қойған дұрыс. Сонда ғана аймақтағы 180 мың гектар суармалы алқапты ұтымды ұқсата алар едік,-деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі басқа да сауалдарға жауап бере отырып, өңірдегі оң өзгерістерді тілге тиек етіп, түйінді мәселелерді де ашып айтты.

Дәл осындай кездесу Гродеково ауылдық округінде де өтті. Ауылдықтардың интернет байланысы, мектеп құрылысы, спорт алаңшасын салуға қатысты жолдаған сауалдарына жан-жақты жауаптар берілді.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық бағыттағы қордаланған мәселелерді шешу, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес нақты межелерге қол жеткізу көзделуде. 2025 жылға қарай облыстағы барлық елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылып, табиғи газды тұтынатын болады. Ал, өңірдегі жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 99,5 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Елді-мекен көшелері 94,1 пайызға дейін жақсартылатын болады. Бұл ретте алдымен халық саны 200-ден асатын ауылдарға көңіл бөлінуде.

Дегенмен, бізге екі жақты өзара түсіністік пен сенім қажет. Ол үшін заң мен тәртіпті сақтау – басты назарда болуы қажет. Ортақ жауапкершілікті сезінгенде ғана біз кез-келген салада қандайда бір жетістікке жете аламыз,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ басшысы ауылдық Мәдениет үйінің жай-күйімен және қызметімен танысты.

Кездесулерден соң облыс әкімі жергілікті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.