Жамбыл облысының 90 ауылында биыл 13,6 млрд. теңгеге 271 жоба іске асады

107

Жамбыл облысында  өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға дейін жетті. Ал жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артып, 152 мың адамды құрады.

Бұл туралы «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумның пленарлық отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Министр өз баяндамасында еліміздің экономикасын жандандыру, оның тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің атқарып жатқан  жұмысына қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы негізгі көрсеткіштерді де атап өтті.

— Сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, 2022 жылы біздің экономикамыздың нақты өсуі 3,3 пайызды құрады. Елімізге 28 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, көрсеткіш 18 пайызға өсті. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Елімізде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27 пайызға өсіп, 1,8 млн-нан асты. Аталған секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13 пайызға артып, 3,9 млн. адамға жетті.

Жалпы, өткен жылы 980 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды десек, осы ретте, Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға дейін жетті. Ал жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артып, 152 мың адамды құрады,-деді Әлібек Қуантыров.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысында ағымдағы жылғы  қаңтар-наурыз айларында құрылыста 31 пайыз, өнеркәсіп саласында 4,4 пайыз өсім қамтамасыз етілгендігі айтылды. Ал, инвестицияның нақты өсу қарқыны 3,1 пайызға айналып, 69 млрд. теңгені құраған.

Сондай-ақ, 2023 жылы іске асырылатын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша, Бизнестің жол картасын қаржыландыру көлемі 224 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылған десек, оның 13 млрд. теңгесі Жамбыл облысы кәсіпкелеріне жолданады деп көзделген.

— Даму әлеуеті бар ауылдарды қаржыландыру негізінен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Осы жылы 900 ауылда 1800-ден астам жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оған 198 млрд. теңге бөлінді. Бұл ретте, Жамбыл облысының 90 ауылында, 13,6 млрд. теңгеге 271 жоба іске асырылатын болады,- деген Ұлттық экономика министрі облыстағы экономикалық жағдай мен негізгі көрсеткіштердің серпінді өсуі байқалатынын, ол қолайлы инвестициялық ортаны құруға жол ашатынын баса айтты.

Сонымен қатар форумның пленарлық отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар  және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі   Рәпіл Жошыбаев және өзге де баяндамашылар форумның маңыздылығын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстарға, өзара ынтымақтастық-байланыс шараларына тоқталды.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.