Жамбыл облысында ветеринария және орман шаруашылығы саласы заманауи техникамен толықты

55
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Дала еңбегі – ел ырысы» тақырыбында ұйымдастырылған жиын Үкімет басшысының құттықтау хатымен ашылып, оны өңір басшысы жиналған қауымға оқып берді.
Облыс әкімі өз сөзінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына ризашылығын білдірді.
2025 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 48,6 млрд теңге бөлініп, 5 мыңнан астам шаруа қожалығы мемлекеттік қолдауға ие болды. Соның нәтижесінде 485,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 39,6 млрд теңге инвестиция тартылды.
640 мың гектар егістік алқабынан 3,3 млн тонна өнім жиналды. Ауыл еңбеккерлері 858 бірлік жаңа техника сатып алып, техникалық жаңару деңгейі 6,3 пайызға жетті. Мал шаруашылығы саласында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт көлемі 1,7 пайызға артты. Сондай-ақ 410 мың тонна пияз экспортталып, өңір республика бойынша көшбасшы атанды.
– Ауыл шаруашылығы – халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты маңызды сала. Ел дастарханының мол болуы, ауылдың көркеюі, халықтың табысы Сіздердің маңдай терлеріңізге байланысты. Қай кезде де жердің берекесін арттырып, тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Сіздерге алғыс айту – біздің парызымыз.
Баршаңызға адал еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында сала үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрмет» ордені, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» медалі, сондай-ақ Премьер-Министрдің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттары табысталды.
Мереке аясында мал дәрігерлеріне 50 бірлік «Нива» маркалы қызметтік автокөлік, заманауи ветеринариялық құрал-жабдықтар және сала мамандарына арналған арнайы қыстық киімдер берілді. Айта кетейік, жыл басында да 50 автокөлік табысталған болатын.
– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Бұған дейін мал дәрігерлері тозығы жеткен көліктермен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ал қызметіміз тікелей автокөлікке байланысты. Бүгін бес жаңа қызметтік көлікке ие болдық, – дейді Талас аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Берік Қаратаев.
Ал Сарысу аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ақылбек Оспанов соңғы жылдары салаға көрсетіліп отырған қолдауға тоқталды.
– Соңғы жылдары облыста ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Бүгінде Сарысу ауданындағы ветеринарлар толық автокөлікпен қамтылды. Бұл қызмет сапасының артуына зор ықпал ететіні анық, – деді ол.
Сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлеріне 9 «Газель», 4 «Toyota Hilux», 15 «JAC» маркалы кіші өрт сөндіру автокөлігі, 17 мотоцикл және 15 пилотсыз ұшу аппараты тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.