Жамбыл облысында тоқтап қалған пойыз жолаушыларына қанша өтемақы төленеді?

671

Жамбыл облысында жүк пойыздарының рельстен шығуынан уақытша тоқтатылған 5 пойыздың жолаушыларына өтемақы төленеді.

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман Сұлтанов ҚТЖ бас ғимаратында өткен брифингте мәлімдеді.

«ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бекіткен жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережесіне сәйкес, жолаушыларға жолда тұрған әрбір сағат үшін билет құнының 3 проценті төленеді. Бірақ, жалпы өтемақы билет құнынан аспауы тиіс», — деді ол.

Оның айтуынша, апат салдарынан жолда тоқтаған 5 вагонда 3200 жолаушы болған. Әзірге олардың ешқайсысы өтемақы алуға жүгінбеген.

Өтемақы алу үшін ҚТЖ АҚ билет кассаларына бару керек.

Еске сала кетсек, Сарышаған стансасында жүк пойыздары вагондары (Қашқантеңіз-Жастар аралығындағы Мойынты-Шығанақ бөлігінде келе жатқан №2009 пойыз) рельстен шығып кетіп, бес жолаушы пойызының қозғалысы тоқтатылған еді. Оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Вагондардың рельстен шығып кетуіне «Исткомтранс» ЖШС-на тиесілі 28-вагонындағы бүйір рамасының сынып кетуі себеп болған.

Заңға сәйкес, барлық келтірілген шығынды жүк вагонының иесі өтейді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да осы жағдайды тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.