Жамбыл облысында Республика күніне орай салтанатты шара өтті

130
«Баласағұн» орталық концерт залында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындарды Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.

– Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 25 қазанды еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту жөнінде бастама көтеріп, тиісті заңға қол қойды.

Осылайша, елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы қайта жаңғырып, 13 жылдан соң Ұлы мерекені қайта атап өтудеміз.

Республика күні – Ұлтымыздың еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан ең құнды мереке.

Бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған аталарымыздың армандары орындалып, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды.

Тәуелсіз Қазақстан бүгінде – ел дамуының жаңа кезеңіне нық қадам басқан, болашағына үлкен сенім артқан мемлекетке айналды.

Әр жыл еліміздің одан әрі дамуы үшін тарихи шешімдерге толы болуда. Бүгінде ел Президенті «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын алға тартуда. Ортақ мақсатқа жету жолында облысымыздың тұрғындары да лайықты үлес қосуда. Бүгінде Жамбыл облысы қарқынды дамуда.  Біз өзара бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың арқасында алдағы уақытта да жетістіктерге қол жеткізе аламыз! – деді облыс әкімі.

Нұржан Нұржігітов  әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жамбылдықтарға Мемлекет басшысының Жарлығымен белгіленген мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Атап айтқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін облыстың бір топ азаматтары «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.