Жамбыл облысында өткен жылы 1000-нан аса жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды

219
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті.

Комиссия отырысына тиісті облыстық басқарма басшылары, комиссия мүшелері сондай-ақ бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов облыстағы еңбек жағдайының ахуалын баяндап, еңбек қатынастарын реттеу барысында 2023 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары 2023 жылы құқықтық және әкімшілік шаралар бағыты бойынша облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 149 тексеру және 11 профилактикалық бақылау жүргізіп, 177 бұзушылықты анықтаған. Бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 72 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту жарияланған. Бұдан бөлек, 14 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарылып, 4,6 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл толығымен өндірілген.

Сондай-ақ, өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп, 14 кәсіпорында 554,3 млн.теңгенің жалақы қарыздарын анықтап, олар толығымен өндірілді. Жалпы 1024 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған.

Басқосу барысында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның 2024 жылға арналған жоспары мен «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын бекіту ұсынылды.

Облыс әкімі бірқатар аудан әкімдерінен жалақы қарыздарын толық өтеу, еңбек жанжалдарының  алдын-алуға қатысты мәселені жүйелі түрде шешуді және бұл бағытта тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақовтың алдағы уақытта комиссия отырысын көшпелі түрде өткізу ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.