Жамбыл облысында креативті индустрияны дамытуға бағытталған маңызды қадам жасалды — Тараз қаласында өңірдегі алғашқы ауқымды шығармашылық алаң «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады.

«Қолөнершілер үйінің» лентасын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, «Алматы қолөнер палатасы» Қоғамдық қорының вице-президенті Дәмелі Жанашева және Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты бойынша вице-президенті, «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығының президенті Айдархан Қалиев қиды.![]()

Хабтың ашылуы — ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан креативті индустрияны қолдау саясатының нақты көрінісі.
«Қолөнершілер үйі» 190-ға жуық шеберді біріктіріп, олардың кәсібін дамытуға, өнімдерін нарыққа шығаруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Аталған нысан – Жамбыл өңірінде креативті кәсіпкерлікті, ұлттық қолөнерді және жастар шығармашылығын қолдайтын жаңа орталық болмақ.

Бұл күндері Тараз қаласында креаторлар форумы ұйымдастырылды.![]()

Екі күндік шара аясында креативті индустрия өкілдері мен сарапшылар өзара тәжірибе алмасып, саланың болашағына қатысты тың бастамаларды ортаға салды.

Еске сала кетейік, Тараз – 2022 жылдан бері Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие. Қала ЮНЕСКО-ның креативті қалалар тізіміне қолөнершілер бағыты бойынша ену жолында қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.![]()
