Жамбыл облысында ірі шаруа қожалығы отқа оранды. Оқиға Байзақ ауданы Ақшолақ ауылының маңында болған. Салдарынан қыстық мал азығы, қора-қопсы және бірнеше техника жанып кетті. Cүт өндірумен айналысатын фермадағы қызыл жалын әлі толық сөндірілген жоқ. Өрт Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізінің бойындағы шаруа қожалықтарының бірінде болып жатыр. Мұнда 4 мың шаршы метр аумақ отқа оранған. Абырой болғанда, мал-жан дін аман. Бірінші кезекте жұмысшылар мен олардың отбасы қауіпсіз жерге шығарылды. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен бірнеше сағат бойы арпалысты.
Өрт шамамен түскі сағат 13:00-дер шамасында басталған. Қызыл жалын әлі де дес берер емес. Оттың неден шыққаны белгісіз. Шаруа қожалық иелері қандай да бір сұхбат беруден бас тартып отыр. Бірақ сөздеріне қарағанда, қысқа мал азығы деп дайындаған 300 тонна арпа, 25 мың тығыздалған шөп, бірнеше сарай және екі автобус жанып кетті. Сонымен қатар автобустардың ішінде құны 49 миллион теңге болатын тамшылатып суару технологиясына арналған қондырғы болған. Төңіректе су алатын орын болмағандықтан, өрт сөндірушілер біраз қиындықтарға тап болды. Оның үстіне жел соғып, отты өршіте түскен. Жергілікті мамандардың шамасы жетпегендіктен, облыс орталығынан қосымша 3 техника шақыртылып, 30 шақты адам жұмылдырылды.
– Өрт ошағының айналасы сусыз аймақ болғандықтан, өрт сөндірушілер өрт сөндіру техникасымен өрт ошағынан 200 метр жерден су тасып өшіруде. Өрттің шығу себебі, шығыны анықталуда, – дейді Байзақ ауданы өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Жақсылық Бекбергенов.
Мамандар өрттің шығуына адами фактор әсер еткен болуы мүмкін деп отыр. Қазір электр қуатының көздері ажыратылып, өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ал шаруа қожалығы иесіне мал азығына көрші отырған шаруалар көмектесетін болды.
– Бұл жерде 250 бастай сиыр бар. Оның 100 басы – сауын сиыры. Осы малдарға арналып дайындалған жем-шөп, қант қызылшасын суландыру жүйесіне арналған құрылғылар өртеніп кетіп отыр, – дейді Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Мұхтар Қилыбаев.
Нақты өрттің неден шыққанын арнайы мамандар анықтайды. Ферма қожайыны шамамен 70 миллион теңгеге шығын келгенін айтады