Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында Жамбыл облысындағы ХҚКО және мамандандырылған ХҚКО арқылы 244 000-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалы хабарлады. Сонымен қатар, облыс тұрғындары арасында ең көп сұранысқа ие үш мемлекеттік қызмет түрі анықталды.
1 тоқсан қорытындысы бойынша сұранысқа ие қызметтердің үштігін көлік құралдарын тіркеу қызметі бастады – бұл қызметті азаматтар 59 338 рет пайдаланған. Екінші орында – ЭЦҚ алу: осы кезеңде шамамен 55 000 адам электрондық қолтаңба рәсімдеген. Ал үздік үштікті Қазақстан Республикасының жеке куәліктері мен паспорттарын беру қызметі түйіндейді, бұл қызмет бойынша шамамен 38 000 өтініш тіркелген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбековтың айтуынша, ең көп қызмет Тараз қаласындағы №1 ХҚКО-да көрсетілген – 36 812. Одан кейінгі орында Қордай ауданының ХҚКО-сы 21 109 қызмет көрсеткен және Тараз қаласындағы №2 ХҚКО 19 615 қызметпен үшінші орын алады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер тізіліміне 1359 қызмет түрі енгізілген, оның 94,2%-ы, яғни 1281 қызмет түрі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы қолжетімді.
Айта кетейік, азаматтар қызметтерді тек халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ғана емес, сонымен қатар онлайн түрде де ала алады. Оның ішінде уақытты айтарлықтай үнемдейтін және мемлекеттік сервистерге қолжетімділікті жеңілдететін «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы да қызмет алу мүмкіндігі бар.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының PR-менеджері