Жамбыл облысында Д. И. Менделеев атындағы РХТУ-нің филиалы ашылады

85

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басшылығымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында М. Х. Дулати атындағы ТарӨУ базасында Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын ашуға қатысты мәселелер талқыланды.

Д.И. Менделеев атындағы РХТУ, М. Х. Дулати атындағы ТарӨУ және «Қазфосфат» ЖШС арасында кадрларды бірлесіп даярлау туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Меморандум аясында биыл химиялық технологиялар саласындағы білікті мамандарды даярлау үшін 25 білім беру гранты бөлінді. Түлектер қос диплом алып шығады.

Университеттер ғылыми-техникалық, зерттеу және білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Облыс мектептерінде химия, математика және физика пәндерін оқыту деңгейін арттыру, жаратылыстану цикліндегі пәндерді тереңдетіп оқыту жүйесін ұйымдастыру үшін «Менделеев сыныптарын» ашу жоспарлануда.

Кездесу барысында «Жамбыл облысының педагог кадрларға  қажеттілігін болжау және зерттеу  әдістемесі» жобасы таныстырылды. М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Мұхтар Байжұманов жоба білім басқармасы ұсынған статистикалық деректер негізінде және демографиялық жағдайды ескере отырып әзірленгенін атап өтті.

Облыс әкімі білім басқармасына мәліметтер негізінде алдын ала нақты іс — шаралар жоспарын құруды, цифрландыру басқармасына – ақпараттық жүйенің қауіпсіздігі мәселелерін зерделеуді, денсаулық сақтау басқармасына – университетпен бірлесіп денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлау мәселелері бойынша да осындай жобаны дайындауды тапсырды.

Басқосуда тараптар су шаруашылығы саласындағы да кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.