Жамбыл ауданындағы тарихи-мәдени мұралар мен мәдениет нысандары назарда

24

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің Жамбыл ауданындағы көшпелі отырысы өтті.

Іс-шара аясында кеңес мүшелері аудан аумағындағы бірқатар тарихи-мәдени нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Алдымен олар VI–XIII ғасырларға жататын, ерте ислам дәуірінің қалалық мәдениетінің үлгісі саналатын «Әулиебастау» ортағасырлық қалажұрты мен табиғи бұлағына барды. Кездесу барысында бұлақ көзін қайта қалпына келтіріп, туристік әлеуетін арттыру мәселесі көтерілді. Бұдан кейін кеңес мүшелері аудан орталығында жаңадан бой көтерген кітапхана мен архив ғимараттарының жұмысымен танысып, күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйін аралады. Мұнда мәдени шаралардың ұйымдастырылуы мен тұрғындардың мәдени өмірге қатысу белсенділігі туралы пікір алмасты.

Тарихи-мәдени нысандармен танысудан кейін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің отырысы өтті.

Жиында Жамбыл ауданындағы мәдениет ошақтарының жай-күйі, ұлттық ойындар мен құндылықтарды насихаттау деңгейі, сондай-ақ партияның облыстық Жол картасындағы «Мәдени объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету» тармағының орындалу барысы талқыланды.

Отырыс барысында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова есепті баяндама жасап, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қызылқайнар ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жаңа ғимараты қазан айында ел игілігіне тапсырылмақ.

Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары ұлттық ойындар мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптейтін іс-шаралардың ұйымдастырылуы жайында мәлімет беріп, бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасып жатқанын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.