Олардың істеген істерінен адам жаны түршігеді. Бойды қорқыныш билейді. Олардың әрекетін ақыл-есі дұрыс адам түсіне алмайды. Психологтардың айтуынша, қанішерлер – психологиялық ауытқуға ұшыраған адамдар. Жастайынан белгілі бір зорлық-зомбылыққа душар болған, қатыгездік көріп өскендер.
Біз сіздердің назарларыңызға тарихтағы ең қауіпті маньяктардың тізімін ұсынамыз.
Джон Уэйн Гейси
Джон Уэйн Гейси ел арасында «өлтіруші клоун» деген атпен танымал. Бір қызығы, фантастика, мистика және эпистолярлық прозада жазатын американдық жазушы Стивен Кингтің «Оно» туындысына дәл осы Джон Уэйн Гейсидің өмірі арқау болған.
Джон Уэйн Гейси балалық шағында көп қорлық көрген. Әкесі маскүнем болған. Жағдайы жайсыз отбасында өскен жігіт 26 жасында жасөспірім баланы зорлағаны үшін темір торға тоғытылды, бірақ жақсы мінез-құлық танытып, 10 жылдың орнына, бар болғаны, бір жарым жыл түрмеде отырған.
Бостандыққа шыққан Джон Уэйн Гейси клоунның киімін сатып алып, Чикаго маңындағы қалалық мерекелерде жұмыс істеп, ақша табады.
Деректерге сүйенсек, 1972 – 1978 жыл аралығында ол 30-дан астам адамды өлтірген. Жас жігіттерді үйіне шақырып, қорлап, артынша азаптап өлтірген. «Өлтіруші клоун» 1978 жылы ұсталды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, үйінің жертөлесінен 29 адамның сүйегі табылды. Сот шешімімен Джона Уэйна Гейси 1994 жылдың 10 мамырында өлім жазасына кесілді.
Джеффри Дамер
Ең алғашқы қылмысын Джеффри Дамер 18 жасында жасаған. Ол өзінің жаңа танысын азаптап өлтірген. Джеффри Дамер жас жігітті алдымен қолындағы гантельмен ұрып, кейін тұншықтырған. Марқұмның денесін бөлшектеп, үйдің астына көмген. Бұл жағдайдан кейін ол қалыпты өміріне түсіп, тіпті, үйленіп, оқу оқып, әскери борышын өтеп, жұмыс істеген.
1987 жылы тағы бір адамды өлтіріп, артынша бұл істі әдетке айналдырып алған. Ашық дерек көздерінде Джеффри Дамер төрт жылда 17 адамды зорлап, өлтірген деген ақпараттар бар. Күндердің бірінде, әдеттегідей, ол үйіне кезекті құрбанын алып келіп, өлтірмекші болады. Бірақ Трейси Эдвардс есімді азамат сытылып шығып, полиция шақырады. Дамердің үйін тінту барысында мәйіттер, олардың суреттері, сондай-ақ тоңазытқыштан дене бөлшектері, ал шкафтан адам қаңқасы табылды. Джеффри Дамер өмір бойына түрмеге қамалды. Бірақ ол абақтыда тек үш жыл отырды – 1994 жылы сотталушылардың бірі оны ұрып өлтірген.
Тед Банди
Теодор Банди өте ақылды, зерек болған. Университетте білімімен ерекше көзге түскен жігіттен профессорлар зор үміт күткен. Бірақ 1974 жылы ол білім ордасына себепсіз келмей, артынша оқудан шығып қалған. Дәл сол кезеңдерде Батыс жағалауда әйелдер із-түзсіз жоғала бастаған.
Тед Бандидің құрбандарының нақты саны белгісіз. Тергеу кезінде ол 30 әйелді өлтіргенін мойындаған. Бірақ жәбірленушілерің саны одан да көп болуы мүмкін. Банди жас қыздармен танысып, көркемділігімен баурап алатын. Көбіне ол жалған гипстің көмегімен аянышты кейіп танытып, қыздардан көмек сұраған. Сымбатты жігітке көмектесуге асыққан бойжеткендер оның сөмкесін көлікке салып, артынша сол көліктің ішінде таныстықтарын жалғастырған. Кейін қыздар із-түзсіз жоғалған.
Банди 1975 жылы Кэрол Да Рончты ұрламақ болған жерінен ұсталды. Сот шешімімен 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ Банди қашып үлгерген. Араға екі апта салып, 1978 жылдың қаңтар айында Банди әйелдер жатақханасына кіріп, 20 минут ішінде екі әйелді өлтіріп, тағы бір қызды жарақаттаған.
Тед Банди полицияның қолына кездейсоқ түседі. Оған адам өлтірді деген айып тағылып, сот өлім жазасын береді. Бірнеше жыл бойы Банди жаза уақытын шегеру мақсатында тергеушілерге түрлі жаңа мәліметтерді айтумен жүреді. Ақыры 1989 жылы Банди электр орындықта өлім жазасына кесілді.
Гэри Риджуэй
«Грин-Риверден шыққан өлтіруші» деген лақап атпен танымал Гэри Риджуэй жиырма жыл ішінде кемі 70 әйелді өлтіріп, әлемдегі ең қатыгез маньяктардың бірі болып есепте тұр. Оның құрбандарының бірі қашып, полицияға хабар бергеннен кейін Гэри Риджуэй қамауға алынды. Риджуэй адамдарды өлтіргенін мойындап, оқиғалардың мән-жайын полицейлерге ашып айтқан. Бастапқыда құрбандардың саны 42 болса (полиция білген), тергелгеннен кейін олардың саны 71 адамға жеткен. 2003 жылы ол өмір бойына сотталды.
Андрей Чикатило
Шахта қаласында тұратын Чикатило есімді инженер бірнеше жылдар бойы полиция назарына ілікпеген. Ешкім дәл осы ер адам жас әйелдер мен балаларды қатыгездікпен өлтірген деп ойламаған. 1978 – 1984 жылдар аралығында Ростов облысында 32 адам жоғалып, аяусыз өлтірілген. Чикатило автовокзалда жас қыздарға тиісіп жатқан жерінен ұсталды. Ал 1983 жылы жазықсыз болған Анатолий Кравченко полицейлерден көрген азабынан кейін, Чикатило жасаған қылмысты өз мойына алып, өлім жазасына кесілген.
Андрей Чикатило алғаш тұтқынға алынғанда қан топтары сәйкес келмей, дәлел жетіспегеннен кейін босатылған. Маньяк тағы алты жыл бостандықта жүрген. 1990 жылы қайта қамауға алынды. Абақтыдағы оныншы күннен бастап, ол өз қылмысын мойындап, жағдайды егжей-тегжейлеп түсіндірген. Тергеу нәтижесінде Чикатилоның кем дегенде 52 адамды өлтіргені белгілі болды. Ол 1994 жылдың 14 ақпанында ату жазасына кесілді.
Педро Алонсо Лопес
Бұл адам ондаған жылдар бойы Гиннестің рекордтар кітабында әлемдегі ең қатыгез маньяк ретінде тіркеліп келеді. Педро Алонсо Лопес Колумбия, Эквадор және Перуде шамамен 300 адамды өлтірген.
«Анд құбыжығы» деген лақап атпен танымал Лопесті жеңіл жүрісті анасы бала кезінде далаға қалдырып кеткен. Оны егде жастағы пасық ер адам асырап алады.
18 жасында Лопес «асыраушысын» кек алу мақсатында достарымен бірлесіп зорлап, аса қатыгездікпен өлтірген. Бұл қылмысы үшін Лопес 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бостандыққа шыққаннан кейін ол Перуге кетіп, сол жердегі тұрғындарды өлтірумен айналысады. Оның құрбандары, негізінен, жасөспірім қыздар болған. Кей деректерге сүйенсек, 1975 – 1978 жыл аралығында ол кем дегенде жүз адамды өлтірген.
Бір қызығы, Латын Америкада орналасқан кедей жерлерде полицияның қауқары шамалы. Деректерде Перудегі криминалды авторитеттердің бірі Лопесті елден шығарған деседі. Қылмыскер өз «хоббиін» Эквадорда жалғастырған. Оның құрығына түскен қыздардың бірі сытылып шығып, полицияға Лопесті ұстап берген. Маньяк еш тартынбастан, полиция қызметкерлеріне жасаған қанды қылмыстарын әдемілеп баяндап берген.
Педро Лопес полицейлерге көптеген адамды өлтіргенін дәлелдеу мақсатында, құрбандарының жерленген жерін көрсеткен. Қазу жұмыстары барысында жүздеген әйел мен қыздардың сүйектері табылған. Лопес бар-жоғы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Себебі Эквадор түрмелерінде бұл ең ұзақ мерзім деп есептеледі. Қауесеттерге сенсек, Лопес мәжбүрлі емдеуден өткеннен кейін, тіпті, бостандыққа шыққан деседі.
https://turkystan.kz/article/213694-zhuzge-tarta-adam-oltirgen-elemdegi-en-korkynyshty-6-manyak/