Заңгер сексуалды зорлық-зомбылыққа қатысты істерді тергейтін департамент құруды ұсынды

123

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті.

Іс-шараға Ұлттық комиссия атынан әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерімен күрес секторын басқаратын құқық қорғаушы және заңгер Айман Умарова қатысты.

Сондай-ақ Алматы қаласының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова, адвокаттар Раджан Берсінбаев, Кәмшат Шынтекова, Мақсат Қали, Айжан Дәрібаева, Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспектор-хатшысы Гүлнар Әмірова сөз сөйледі.

Спикерлер өз тәжірибесіндегі келеңсіз жағдайлармен бөлісіп, мәселелерді шешудің мүмкін жолдарын айтты, сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізді. Ұлттық комиссия ұсынған мәселені шешу бойынша ұсыныстарды Айман Умарова мәлімдеді.

Заңгер сексуалды зорлық-зомбылыққа қатысты істерді тергейтін департамент құруды ұсынды

«Ең үлкен мәселе – бізде жыныстық оқиғаларға қарсы қылмысты тергейтін полиция бөлімшелері жоқ. Ішкі істер министрлігіндегі департаменттер негізінен адамға қатысты қылмыстық істерді тергейді. Оның ішінде кісі өлтіру, зорлау және т.б. бар. Соның салдарынан бізде заттай дәлелдемелерді заңсыз алу, кәсіби емес тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқан жағдайлар жеткілікті. Көбінесе бұл істер зорлық-зомбылықтың жоқтығынан емес, дәлелдемелердің дұрыс емес уақытта алынуынан, сараптама уақытында тағайындалмауынан және осыған ұқсас себептермен тоқтатылады. Сондықтан біз сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты істерді тергейтін жеке департаменттер құруды ұсынамыз», – деді спикер.

Сондай-ақ заңгер мұндай істерді осы салада тәжірибесі бар мамандар тексеруі керектігін де баса айтты.

Оның екінші ұсынысы – осы саладағы мамандарды дайындау және кәсіби білім беруге қатысты болды. Сондай-ақ Айман Умарова Қазақстанда сот психологтарының пайда болуы маңызды деп санайды. Ол Ұлттық комиссия өкілдері сот-психологтарды даярлау үшін оқу курсын дайындайтынын түсіндірді.

Баяндама кезінде ол кәмелетке толмағандарды жауапқа алу әдістемесін әзірлеуге қатысты ұсынысын ортаға салды.

«Құжатты теоретиктер емес, іс жүзінде жасайтын адамдар әзірлеу керек. Өйткені жас балалардан жауап алған кезде тергеушілер 10 рет: «Зорлады ма, жоқ па?» деп сұрайды.  Сонда бала зорлаушының мейірімді, күлімдеген жүзіне қарап «жоқ» деуі мүмкін. Кішкентай балаға үлкендерге қойылатын сұрақты қоюға болмайды», – деді ол.

Баяндамашы мұндай жағдайларда сот-медициналық сараптаманы сауатты жүргізу қажеттігін алға тартты.

Қорытындылай келе, Айман Умарова Ұлттық комиссия балалар құқықтары жөніндегі омбудсмендерді оқытуды да дайындайтынын айтты.

https://turkystan.kz/article/220820-zanger-seksualdy-zorlyk-zombylykka-katysty-isterdi-tergeytin-departament-kurudy-usyndy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.