Заң мен тәртіп – тыныштық кепілі

67

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Заң және тәртіп» қағидатына ерекше назар аударылған.

«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, қоғамда құқықтық сана мен мәдениет деңгейін арттыру және кез келген құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидасын орнату мақсатында Жамбыл облысында түрлі кездесулер өткізіліп келеді. Осындай жиынның бірі Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде өтті.

Басқосу барысында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жанындағы қамқоршылық кеңестің төрайымы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Парида Мамедова жазасын өтеушілермен жүздесті.

Өз сөзінде Парида Иманжанқызы сотталған азаматтарға ел Президентінің Жолдауында қозғалған мәселелер мен тапсырмалар жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «Заң және тәртіп» жобасының өміршеңдігіне назар аударып, жоба келесі жылы да жалғасса екен деп ниет білдірді.

– Президент бастамашы болған «Заң мен тәртіп» қағидаттары – елдің құқықтық жүйесі мен демократиялық институттарын нығайтудың негізгі факторы. Мұндай идеология азаматтардың құқықтық санасын арттыруға, заңға деген құрметті қалыптастыруға және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. Құқықтық мәдениеттің дамуы құқықбұзушылық деңгейінің төмендеуіне, инвестициялық қолайлы ахуалдың қалыптасуына және елдің халықаралық беделінің артуына тікелей әсер етеді. Осындай ұстанымды тұрақты қоғам қалыптастырудың негізі деуге болады, – деді жиында сөйлеген сөзінде П.Мамедова.

Жиын барысында бас бостандығынан айрылған азаматтармен өзге де тақырыптарда әңгіме өрбіді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.