Этноауыл алты ай бойы думанға бөленеді

700

Мыңдаған жылдар бойы мінсіз сұлу туындыларымен ғаламды мойындатқан Тараз қаласында зергерлер мен қолөнер шеберлерінің өнері қайта жаңғырды. Облыс әкімдігі туризм басқармасының ұйымдастыруымен ортағасырлық «Төрткүл» керуен сарайы кешенінде «Көне Тараз шеберлерінің» қалашығы ашылды. Ұлттық құндылықтар арқылы өскелең ұрпаққа тұнық тәлім мен тұғырлы рух беруді мақсат еткен шараның аясында қалашықтың есігі алты ай айқара ашық болмақ. Яғни әр аптаның демалыс һәм мереке күндері қала қонақтары мен тұрғындары емін еркін этноауылға бас сұғып, өміршең өнер туындыларын тамашалай алады.

Ұлттық нақышта киініп, қаздай тізілген аналар, алтыбақанның сәнін кіргізген жастар, адырна тартып, нысанаға жебе сілтеген жұмыр жігіттер, ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздар, осының барлығы ортағасырлық тарихтың куәсі болған «Төрткүл» керуен сарай кешенін салтанатқа бөледі. Шетелден келген қонақтарға да, шаһардың жергілікті халқына да шарапатты шаттық сыйлады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ ауылы» этножобасын құрудың басты мақсаты — көне Тараз дәстүрін, көшпенділердің бірегей, жарқын және айқын мәдениетін, өткен тарихын жаңғырту. Ұлттық-мәдени кешен қонақтарды қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен таныстырады. Кешенде кез келген адам көшпенділер өркениетінің этно­мәдени ортасын сезіне алады және ауылдың күнделікті, мерекелік өміріне көз жүгіртуге толығымен ие болады. Этноауылда қазақ музыкалық және театр өнерінің фестивальдері, қолөнер шеберлерінің мастер-кластары, ұлттық тағамдар, қолөнер және көркемөнер көрмелері, этникалық-музыкалық фестивальдар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, «Дәстүрлі аң аулау түрлері», «Ұлттық ойындар мен ойын-сауық», «Ұлттық тағам», «Қазақ музыкалық театр өнері», «Қолөнершілер» секторларын тамашалаған адам қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы жайлы мол ақпарат алатыны сөзсіз, – дейді ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ұйытқы болған облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Шара барысында Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Беккулова сөз тізгіндеп, сан ғасырлар бойы талайды тәнті етіп, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жеткен қолөнердің қыр-сырын, үлгі-өнегесін кеңінен әңгімелеп, тараздық шеберлердің шедеврлеріне қолдау білдіріп, шабыт сыйлаған һәм осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сахнада ән мен жыр төгілсе, этноауыл маңында зергерлер өздерінің әшекей бұйымдарын, тоқылған, өрілген өнер туындыларын халыққа таныстырды. Оның ішінде домбыраның қалай жасалатынына дейін көрсетілді. Qazaq-Oner қолөнершілер орталығының басшысы Айгүл Жансерікова мен Орталық Азия қолөнершілерді қолдау қауымдастығының (CACSA) президенті Мукаррама Каюмова көпшілікке қолөнер тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізді. Жалпы өткен жылы өңірге 400 мыңнан астам турист келіпті. Олармен жүргізілген сауалнама қорытындысы осындай шеберлер қалашығын ашуға сеп болған көрінеді.

Бұл маңызды шараға арнайы алыстан ат терлетіп жеткен өнер мамандары мен сарапшылар аз болған жоқ. Германия, Болгария, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген майталмандар да қазақтың қыраны қалықтап, тазы ойнаған, қымыз сапырылып, тарихпен сырласқан этноауылдан табылды. Өздерінің мол тәжірибесімен бөлісті. Таңсәріден кешке дейін жалғасқан шараның соңында сала майталмандары, қала меймандарымен әріптестік байланыс нығайып, өңірдегі туризм мен өнерді дамыту мақсатында бірқатар меморандумға қол қойылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.