Электр энергиясына тарифтердің одан әрі өсуіне жол бермеу үшін барлық инвестициялық бағдарламалар қайта қаралып жатыр — ЭМ
Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясының барысында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов электр энергиясына тарифтерді 25%-ға дейін төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
«Біз қазір Бас прокуратурамен, “Атамекен” ҰКП-мен бірлесіп барлық электр станцияларының тиісті шығындарын тексеріп жатырмыз. Кейбір станцияларда тарифтер 25%-ға төмендетілуі мүмкін, ал кейбір станцияларда төмендету одан аз болуы мүмкін. Мысалы, оңтүстік өңірлерде газбен жұмыс істейтін станцияларда тарифтер сол деңгейде қалуы мүмкін. Қазір талдау жүргізіліп жатыр», — деді энергетика вице-министрі.
Оның айтуынша, тарифтердің көтерілуі инвестициялық жұмыстарға байланысты болған. Осыған байланысты, қазіргі кезде осыған дейін қабылданған барлық инвестициялық бағдарламалар қайта қаралып жатыр.
«Қазір біз тарифтерді төмендету мәселесін қарастырудамыз, оны келесі жылға қалдыруға бола ма, осы мақсаттарға арналған басқа қаражат іздестіру мүмкін бе және тағы басқа мәселелерді қарастырудамыз. Шешім 10 күн ішінде қабылданады», — деді С. Есімханов.
Сонымен қатар, ол тарифтердің одан әрі өсуіне жол бермеу үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұдан басқа, энергетика вице-министрі ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес барлық 43 энергия өндіруші ұйымдардың жұмысына талдау жасалып жатқанын хабарлады. Осы мақсатта Энергетика министрлігі Президент Әкімшілігі, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері мен «Атамекен» ҰКП» АҚ мүшелерінің қатысуымен жұмыс тобын құрды. Жақындағы 10 күн ішінде жұмыстың нәтижелері бұйрық түрінде бекітіледі.