Табиғат пен қоғам, адам арасындағы қарым-қатынастар қайшылықсыз, әрдайым үйлесімді деп қарауға болмайды. Олардың арасында барған сайын ішкі қайшылықтар көбейіп отырады. Бұл қайшылықтардың қайнар көзі қоғам мен табиғат дамуларының бір-біріне қарама-қарсы екі тенденциясында жатыр. Біріншіден, қоғам мен оның өндіргіш күштері дамыған сайын адамның табиғатқа «үстемдігі» арта түседі, ал екіншіден, бұл екеуінің арасында үйлесімділік туып, барған сайын шиеленісе береді. Табиғат құбылыстарының алуан түрлілігіне қарамастан, олардың бәрі өзара байланыста, қарым-қатынаста, яғни біртұтас бірлікте. Сол себепті де, егер адам табиғат құбылыстарының бір саласына әсер етіп, оны өзгертуге әрекет етсе, онда ол сонымен іштей байланысты басқа жақтарының «тынышын бұзуы» мүмкін. Сондықтан, табиғат қорларына құнтты болу, бүлінгендерін қалпына келтіріп отыру, оларды тиімді пайдалану, ауаға, жерге, суға өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қамқорлықты күшейту барлық азаматтардың борышы мен абыройлы міндеті болып саналады. «Теңіздің тұнық болуы – бұлақтардан» дегендей табиғатты қорғау, қалпына келтіру мәселелерін ақылмен, білгірлікпен және ұтымды жолмен жүргізудің өзіміз үшін де, келесі ұрпақтар үшін де маңызы зор екенін балалардың, жасөспірімдердің санасына салып, экологиялық мәдениетін, тәрбиені бесіктен бастау керектігі бүгінгі күннің өмір талабы.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру проблемасы бойынша алыс және жақын шет елдік ғалымдардың қырықтан астам еңбектерінде қарастырылуы оның күрделі де, сан қырлы екендігіне көз жеткізеді. Экологиялық мәдениет ұғымына берілген анықтамаларды пайымдауда олардың мазмұны мен басты идеяларына қарай бірнеше бағытта қарастырылғандығын көрсетеді: экологиялық мәдениет – жалпы мәдениеттің бір бөлігі; экологиялық мәдениет адамдардың табиғатпен қарым – қатынастары жөніндегі қалыптасқан дүниетанымы, сенімі, түсініктері, білімі, іскерлігі, құндылық бағдар жүйесі; экологиялық мәдениетке – адамның өмірлік белсенді тұғырнамасы; экологиялық мәдениет адамның табиғатты теориялық, материалдық-практикалақ, рухани ізгілікті меңгеруі және жаңартудағы мәнді күш-қуатының өлшемі, іс — әрекетінің жиынтығы; экологиялық мәдениет – адамның табиғатпен ғана емес, әлеуметтік – тарихи ортамен, биосферамен өзара әрекеттестігі.
«Тұлғаның экологиялық мәдениетін қалыптастыруының негізі — білім болып табылады. Оқушы оны мектеп дәуірінде, ақпарат құралдарынан өз туған елі, жері туралы кітап қорларынан оқып үйренеді. Білім – адамның ғылыми фактілерді, ұғымдарды, ережеледі, заңдарды, қағидаларды түсінуі, есінде сақтауы және қайта жаңғыртуы. Табиғат пен қоғам жайында ғылымда жинақталған білім, білік, дағды жүйесін жеке тұлға, мектепте оқу барысында меңгереді және оны өмірде тиімді етіп қолдана алады. Тұлғаның экологиялық мәдениеті басқа да мәдениеттермен тығыз байланысты. Олар интеллектуалдық-танымдық мәдениет, жаратылыстану ғылыми білімділік, табиғат заңдылықтарын тануын олардың өзара заңды байланыстарын қамтамасыз етеді», — дейді.
Барлық анықтамаларды талдай келе біз экологиялық тәрбиенің мақсаты ретінде субъектінің экологиялық мәдениетін қалыптастыру жаралытыстану ғылымының, гуманитарлық, экономикалық және құқықтық білімдерді қолдану табиғатқа деген жаңа экологиялық этикалық қатынас орнату екенін ұқтық. Олай болса, орта білім беру жүйесін жаңарту жағдайында жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін ғылыми және тәжірибелік білімнің бірлігі негізінде қалыптастыру, оның қоршаған ортаға жауапкершілігін және құндылық бағдарын, рухани сипаттағы іс-әрекетін қамтамасыз ету маңызды бағыт болып табылады.
Нұрсейіт ҚАРАБАЕВ
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір»
жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы