Өзбекстан Республикасы «Ózbekkino» Ұлттық агенттігі Қожа Ахмет Ясауи жайлы «Мерос» атты фильмнің түсірілім жұмыстарын бастады.
Кино туындының көздеген мақсаты – 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы, ал 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында еларалық достық пен ынтымақтастықты, түркі халықтары арасындағы бауырластықты насихаттау екен.
Фильмге өзек болған оқиға – өзбекстандық Бахшилло атты ақсақал немересімен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуге жолға шығып, жол-жөнекей қазақтың қонақжайлығы мен бауырмалдығы, екі халықтың бір-біріне деген мейірімі жайлы әңгімелеп, әкесі Абдулланың Сәрсен атты қазақпен достығы, ол аң аулау кезінде әкесін өлімнен құтқарғаны, Абдулла мен Сәрсен бір-бірімен айнымас дос болуға серттескені жайлы естеліктер негізінде түзілген.
Бахшилло ақсақал Қазақстан шекарасына кіргеннен кейін байырғы досы Оралбайдың шаңырағына қонақ болады. Домбырамен ән айтып, сыр шертіскен соң Оралбай досы мен немересіне ат-түйе мінгізіп, Түркістанға шығарып салады. Сөйтіп жолға шыққан өзбек ақсақалы жол бойы немересі Анварға Қожа Ахмет Ясауидің тарихы һәм Түркістан жайлы қызықты әңгімелер айтады. Бұның бәрі көркем сюжет пен туындыға өзек болады.
Фильм соңында, жолаушылар Түркістанға келіп, Ясауиге құран бағыштап, зиярат жасайды. Мамандардың айтуынша, фильм қызықты оқиғалармен сабақтастырылған, мазмұны да терең. Туынды режиссері Хилол Насимовтың айтуынша, кино 2021 жылы жарыққа шығады.