Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ және Жамбыл аудандарына ат басын бұрып, су каналдарының жөндеу жұмыстарымен және вегетациялық кезеңіне дайындық барысымен танысты.
Аймақ басшысы әуелі Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округінің кіреберісіндегі Өтеміс, Сеңкібай каналдарына барды. Ұзындығы 21 шақырымнан асатын Сеңкібай каналы арқылы 4 мың гектардан астам аумақ суғарылады. Ал, ұзындығы 29 шақырымға жуық Өтеміс каналы арқылы 8 мың гектарға жуық алқап ылғалдандырылады.
Сондай-ақ, аудандағы 19 шақырымдық Белхожа, 3,4 шақырымдық Медеу, 8, 77 шақырымдық Свекловичная каналдарының жөндеу жұмыс тарының барысы да назарға алынды.
Нұржан Молдиярұлы каналдарды реттеу, қалған бөліктерін жөндеу жұмыстарын сапалы әрі жеделдетіп аяқтауды тапсырды. Жамбыл су қоймаларының басшысы Нарбай Ергебековке 1 сәуірден бастап ауданға су беру керектігін жеткізді.
Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалымен шаруалар арасында су жеткізу бойынша өзара келісімнің болуы маңызды екенін атап өтті. Егер де, «Қазсушар» РМК су жеткізу бойынша қиындықтарды алдын ала ескеріп, келісімге тұрмаса, онда шаруалар өз алқабына ылғалды аса қажет етпейтін дақыл түрлерін еккені жөн. Аймақ басшысы бұл келісімнің вегетациялық кезеңде екі тарап арасында түсінбеушілік туындамас үшін қажеттігін жеткізді.
Бұдан соң облыс әкімі Жамбыл ауданындағы Қуат, Қошан, Жамбыл, Мейірман, Раис каналдарының жөндеу жұмыстары мен Сұлукөл су қоймайсының жай-күйімен танысты.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақытын және су қоймасының толтырылуын бақылауда ұстауды тапсырды. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы өңірдегі каналдар жайы мен вегетациялық кезеңге дайындық барысы туралы айтып, көктемгі дала жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын жеткізді.