ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

137
«Алты Алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі», — деп Алаштың ардақты ұлы Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз қасиетті де қастерлі есім.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Мұғалімдер күні мерекесіне орай «Қалдырған ізің мәңгілік» атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы қатысып, ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады.
— Ғалым да, ақын да, дарын да, дәрігер де, кәсіпкер де ұстаз алдынан білім мен тәрбие алады. Оқушылардың білімді де, білікті азамат болып өсуі жолында әрбір мұғалімнің еңбегі жоғары. Әріп танымай партаға отырған баладан білімді, тәрбиелі азамат өсіріп шығару—ұстаздың ғана қолынан келетін еңбек. Тәуелсіз еліміздің ертеңі білімді ұрпақ десек, оларға білім беріп, кеудеге рухани нұр құятын—Сіздерсіздер! Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын,—деген аудан басшысы кәсіби мереке иелеріне мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбастарына бақ-береке тіледі.
Бұдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Шаттық Мұсабеков жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Салтанатты шарада ұстаздар қауымы қошеметке бөленді. Ауданның білім саласының дамуына үлес қосып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген ұстаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының және аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ұстаздар «Қазақстанның оқу-ағарту, ғылым және жоғарғы білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының», «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төс белгілерімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Инновациялық бағытта жұмыс жасап, үздік жетістіктерге жеткен Абылайхан атындағы мектеп-лицейі, Абай орта мектебі, Б. Адамбаев атындағы тірек мектебі, Байқадам орта мектебі және Үшбас негізгі мектебіне арнайы Алғыс хаттар табыс етілді.
Салтанатты жиын мектеп ұстаздары мен мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.