«Ұлы дала жорығы»: алтыншы күннің нәтижесі қандай?

130

23 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонының алтыншы кезеңінде шабандоздар төрт аймақтың үстімен белгіленген маршруттың тең жартысын басып өтті. Осы орайда, кеше Ұлытау облысы Жезқазған қаласы Талап ауылының маңында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің аралық қорытындысы сарапталып, командалардың ат ауыстыруына байланысты далалық баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынға «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек, марафон-бәйгенің ұйымдастыру комитетінің мүшелері Ғани Дүйшенов пен Арман Абдоллаев, марафонның бас төрешісі Надежда Купцова, модератор Гүлбиғаш Омар, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Спикерлер 1200 шақырымның тең жартысын басып өткен үздік командалардың жай-күйі, шабандоздар мен жүйріктердің бүгінгі жағдайы және келесі 600 шақырымдық меже – Жезқазғаннан Түркістанға дейінгі жолға байланысты республикалық арналар мен әлеуметтік желі қолданушылары жолдаған сауалдарға жауап берді.

«Ұлы дала жорығы»: алтыншы күннің нәтижесі қандай?

Жоба авторы Бақытжан Тұрлыбек марафон-бәйге атауының неліктен жорық ұғымымен байланысты болуын былай деп түсіндірді.

«1841 жылы Кенесары хан сарбаздарымен Қоқан әскерлері орналасқан Созақ, Жаңақорған, Жүлек, Ақмешіт бекіністерін қайтару үшін Торғайдан Созаққа аттанады ғой. Біз де әуел баста осы Хан Кене салған ізбен Торғайдан Созаққа дейінгі 952 шықырымды жүріп өткен едік. Сондықтан бұл сапарды «Ұлы Дала Жорығы» деп атау әбден қисынды. Оны басқаша атау мүмкін емес. Ұзақ жүрісте жылқылармен жортып жүреді, атау осыдан шықты», – деді Бақытжан Тұрлыбек.

Сонымен қатар, ол марафонға жеке-дара шабандоздардың қатыстырылмауын бәйгенің ауқымдылығымен және ұзақ шақырымды қамтуымен байланыстырды.

Ұлы дала жорығы

«Жорық болғаннан кейін 5 адамның ішінде әр адамның атқаратын өз міндеттері бар. Команда жетекшісі топқа бас-көз болып жүрсе, бірі GPS-қа, бірі аттардың жағдайына қарайласады. Жеке-дара шабатын болсақ, бұл кәдімгі аламан бәйге болып кетеді. Командалық рух пен ауызбіршілік – «Ұлы Дала Жорығының» ерекшелігі. Бір-біріне қарайласуы, болдырған аттарды ортаға алып жүруі – осының бәрі ұйымшылдыққа алып келеді», – деді Б.Тұрлыбек.

Баспасөз мәслихатында төрешілер мен ветеринар мамандардың неліктен Ресей мен Беларусь елдерінен таңдалғаны жиі қойылған сауалдардың бірі болды. Марафонның Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Арман Абдоллаев халықаралық стандартқа сай төрешілерді таңдау атбегілердің өтініші екенін атап өтті.

«Ең алдымен марафон бәйгенің бас төрешісінің халықаралық маман болуын атбегілердің өздері қалады. Өйткені Қазақстанда бұрын-соңды 1200 шақырым қашықтықтағы бәйге болған емес. Осы себепті ұзақ қашықтықтағы жарыстарды ұйымдастырған халықаралық мамандарды іздедік. Мәселен, бас төреші Надежда Купцова үш жыл қатарынан Шеркес дербиін ұйымдастыруға қатысқан. Ол кісінің аттарды мың шақырымға дайындауға тәжірибесі бар. Одан бөлек ветеринар дәрігерлеріміз де осы Шеркес дербиіне қатысып жүрген мамандар. Қазақстанда осындай үлкен іс-шараға атсалысып жүрген мамандар аз. Дегенмен, осы төрешілердің арасында отандық азаматтар мен дәрігерлеріміз бірлесіп жұмыс істеп, тәжірибе жинап жатыр», – деді А.Абдоллаев.

Айта кетерлігі, марафон-бәйгенің алты кезеңнің қорытындысы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 51 сағат 51 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Маңғыстау облысының шабандоздары 53 сағат 10 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 53 сағат 27 минутта үшінші орыннан көрінді.

Алтыншы кезеңнің ерекшелігі сол – марафон қатысушылары Жезқазғаннан ат ауыстырып мінді.

Ұлы дала жорығы

Бақытжан Тұрлыбектің айтуынша, елордадан аттанған 19 командадан бүгінде 9 команда қалып, келесі 600 шақырымдық мәре жолына шықты.

Астана мен Шымкент қаласынан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген командалар жарыс жолынан түрлі себеппен шығып қалды.

«Енді командалар шығып қалады деген қауіп азайды. Өйткені шабандоздар Жезқазғаннан ат ауыстырып мініп жатыр, уақыттарын ұтымды пайдаланып Түркістанға жетеді деген үмітіміз бар. Тоғыз команда 32 атпен алғашқы кезеңді аяқтап отыр. Алтыншы кезеңнің мәресіне Ақтөбе облысының командасы 5 атпен жетсе, Маңғыстау, Жетісу, Жамбыл, Абай облыстарының командалары 4 атпен жетті. Қалған 4 команда аралық кезеңді 3 атпен аяқтады»  – деді Б.Тұрлыбек.

Бас төреші Надежда Купцова командалардың тең жартысының жарыстан шығып қалуын олардың дайындығы аз, аттардың бабы келіспегеннен болды деп түсіндірді.

Ұлы дала жорығы

«Ветеринарлардың кеңесіне құлақ түргендер жарысты әлі жалғастырып келеді. Шабандоздардың алғашқы қателігі, олар бастапқы екі кезеңде қатты шапты. Жалпы 1200 шақырым жүретіндерін ескерген жоқ. Мұндайда атпен шабуға болмайды, желіп жүру керек дегенімізде, қолдарын бір сілтеп, тыңдамады. Артынша үлкен қашықтыққа аттарды дайындау жолдарын үйрете бастадық. Жиі суарудың маңызын түсіндірдік. Иә,  бәйгеде аттар екі-үш жұтым сумен жүре береді. Ал мұндай жорықта аттар көп суды қажет етеді. Ұйымдастырушылармен бірге әр 25 шақырымға суару бекеттерін қойдық. Соның өзінде аттардың аузын шаймастан мәреге жеткендер бар. Содан аттарының жағдайы одан сайын нашарлай түсті. Ал кеңесімізге құлақ түргендердің тұлпарлары өздеріңіз көріп отырғандай, аман-есен 600 шақырымды еңсерді», – дейді Н.Купцова.

Тағы бір ескерер жайт, жарыстан шығып қалған кейбір команданың мүшелері Түркістанға жеке-дара жетуге ниетті. 1200 шақырымды бағындырған жағдайда оларға арнайы ынталандыру сыйлығы қарастырылмақ. Қазір марафоншыларға Қарағанды облысының 2 шабандозы, Ұлытау облысының 2 шабандозы еріп келеді.

Ал жүйріктер мен марафон қатысушыларына арнайы жағдай жасалған. Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ғани Дүйшенов аспаздардың күніне үш уақыт 250 адамға арнап ас әзірлеп жатқанын атап өтті.

Ұлы дала жорығы

«Дегенмен, күнделікті аспаздарымыз 250 адамға ас әзірлейді. Шабандоздар күнделікті үш мезгіл ыстық тамақ және жатар орынмен қамтамасыз етілген. Аспаздарымыз таңғы сағат төрттен жұмысқа кіріседі. Әр елу шақырым сайын шатырларды құрып, адамға да, атқа да мейілінше жағдай жасап келеді. Десе де, кей командалар аттарының ерекшелігіне байланысты жем-шөпті өздерімен бірге әкелген», – деді ұйымдастырушы Ғани Дүйшенов.

Марафон қатысушылары тоқтаған аумақта олармен бірге  жергілікті жедел жәрдем қызметі қатар жүріп отырады. Одан бөлек төрт ветеринар жүйріктердің жағдайын күніне үш мәрте тексереді. Марафон шарты бойынша жылқыларды арнайы сақтандыру полисімен тіркеу міндетті.

Ұлы дала жорығы

Бас төреші Надежда Купцованың айтуынша, қай команданың жеңіске жететіндігін алдын ала болжау қиын. Өйткені Бетпақдала климаты қатаң, шөлді аймақ.

«Әзірге Маңғыстау, Жетісу, Ақтөбе құрама командалары – көш алдында. Дегенмен кімнің жеңіске жетуі мүмкін екенін айта алмаймын. Келесі 600 шақырымды тың аттармен бастадық. Аттардың қалай бейімделетінін бақылауымыз керек. Әрі оңтүстік өңірге жақындаған сайын ауа райы ыси береді. Оған қалай төтеп береді, суды қалай жеткіземіз деген сұрақтар менің де көкейімде тұр. Сайдың тасындай іріктелген 9 команда Түркістанға дейін жетеді деп ойлаймын», – деді Бас төреші.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық бәйгенің ауқымын ұлғайту мақсатында келесі жылы халықаралық деңгейде өткізуді жоспарланып отыр. Жарыс жолы ауқымды болғандықтан шет мемлекеттерден келетіндердің болуы заңды.

«Алдымен оңтүстік өңірлерде 300 шақырымдық бәйге өткізіп, аттарды іріктеп алғымыз келеді, Бәйге аясында қолөнершілер көрмесін өткізу де ойластырылған. Қазір айтудың сәті түскен екен, 2023 жылы наурызда басталатын жарысқа түйелерді де қоспақшымыз. Қазір түйелер Созақта, Маңғыстауда, Қызылорда жерінде бар. Түйе шаруашылығы тек саумалмен шектеледі. Түйлерді араб елдері меншіктеп алғандай көрінеді. Сондықтан алыс-жақын шетелдерден қызығушылық мігндетті түрде болады деген ойдамын», – деді жоба авторы Б.Тұрлыбек.

Айта кетелік, бүгін, 24 қыркүйекте Жезқазған қаласына жақын Талап ауылы маңынан аттанған марафоншылар жетінші кезең айналымына жолға шықты. Олар Қазақстанның орталық бөлігінде орналасқан кең байтақ шөлді өңір Бетпақдаланы басып өтеді. Шөл даланың оңтүстік-батыс бөлігі – жазық, ал солтүстік-шығысы – қыратты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.