Ұлтымыздың ұлы жеңісі

720

1727 жылы Бұлантыда бастал­ған же­ңіс Аңырақайда аяқталды. Бұл ұлтымыз­дың тағдырын шешкен ұлы жеңісі еді. Бабаларымыздың ғажайып ерлігі ұлтымыз­ды, елдігімізді сақтап қалды. Егемен ел, тәуел­сіз мемлекет болуымыздың негізін қа­ла­ды. Жастар, келер ұрпақ мұны білуге тиіс.

Біздің халқымыз жанды­ жатыр­қамайтын, ешкімді жау­ санамайтын, өзі ешкімге тиіс­пейтін дарқан даласындай пейілі кең, ақкөңіл, бауырмал, аңқаулығы да бар халық. 1721 жылы қалмақтың ханы Қалдан Серен бастаған қалың қол тосыннан шабуыл жасап, қазақты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратты. Бұл ұл­тымызға келген алапат апат, тең­десі жоқ ауыр қасірет еді. Босыған жұрт Көктөбені бетке ұстап жосыды. Оларға шілденің ми қайнатар ыстығы да жау болып тиді. Бір жағынан жау, бір жағынан ыстық, оған шөл мен аштық қосылып, миллиондаған қазақ қырылды.

Ебіл-тебіл болып, Көктөбеге (Ұлытауға) жеткендері аман қалды. Бұл қырғын адам айт­қысыз ауыр қасірет әкелумен бірге ұлттың санасын сапырып, намысын оятып, жігерін шыңдады. Бұл жаудан о дүниелік болған бауырларының кегін алуға, бөлек-бөлек болып көшіп-қонып жүрген қазақтарды бі­рігуге жұмылдырды. Ұлы жүз­дің биі Төле би, Орта жүздің биі Қаздауысты Қазыбек, Кіші жүздің биі Әйтеке билер жаудан кек алудың, ұлтын сақтап қалудың басты шарты – Үш жүз бірігу керек деген шешімге ке­ліп, Ұлытауға, Арғанаты ба­­уы­рындағы «Балбұлаққа» Үш жүзді жинап, ел тағдырын ше­шетін, жаудың жолын кесетін алқалы жиын өткізіп, сол жиын­да елдік пен бірлік, ерлік туы көтеріліп, Үш жүз бір тудың астына топтасып, үлкен күшке айналды. Сөйтіп, ұлт тағдырын шешетін ақтық айқасқа дайындалды. Бұл кезде қалмақтардың ханы «Қазақтарды біржолата тұқыртып жеңу үшін, олардың Көктөбесін басып алуымыз керек. Бұл қазақтармен соңғы жорығымыз болу керек. Кең байтақ жерін иеленіп, байлығын пайдалануға тиіспіз», деп қа­лың қолмен Ұлытауға беттеп келе жатты. Қазақтар да со­ғыс­қа сақадай сай болып еді. Сарбаздардың алдында бауыр­лардың кегі, ұлтымыздың тағ­дыры тұрды. Әр сарбаз мұны жақсы түсініп, терең сезінді. Бұл ұлт тағдырын шешетін қал­­мақтармен ақтық айқас еді. Сөй­тіп, ата жаумен айқас Білеуті мен Бұланты өзендерінің арасында басталып, қазақ сарбаз­дары, батыр бабаларымыз жау­ды жаусатып қырып салды. Екі өзеннің арасындағы алаңқайда қалмақтардың басынан бөлін­ген қаңқалары қалды. Бұл түп­кілікті жеңістің басы болды. Аңырақайда қалмақтардың тал­қанын шығарып, соғысқа соң­ғы үлкен нүкте қойды. Сөй­тіп, батыр бабаларымыз ұл­­ты­мызды, жұртымызды, ар-на­мысымызды, елдігімізді қор­ғап қалды. Бұл мәңгілік есте қа­ла­тын ұлтымыздың абыройын ас­қақтатқан, рухын аспандатқан Ұлы жеңісіміз.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.