Учаскелік полиция пункті ашылды

132
Республика күніне орай, Суханбаев ауылдық округінің Жақаш елді мекенінде тұрғын үймен біріктірілген жаңа учаскелік полиция пункті ашылды.  Осылайша ауылда учаскелік полиция пункті кеңсесі мен инспектордың отбасына арналған қызметтік тұрғын үйден тұратын жаңа үй қолданысқа берілді. Жаңа ғимараттың ашылуына аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, ауылдық ақсақалдар алқасының мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңа ғимараттың ауданы — 108 шаршы метрден асады, кеңсеге телефон және интернет байланысы тартылған, жиһаз,  тұрмыстық техника және жұмысқа қажеттінің барлығы бар. Жақаш елді мекені  ауылдық округтің орталық ауылы болып табылады, құрамында Қосы батыр, Көкөзек ауылдары да бар. Аталған округке учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Алихан Симбиев қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері ауылдық округте  ауыр қылмыстар тіркелмеген.

Айтулы шарада аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев, ауылдық округ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Байтелиев Балтабай жүрекжарды лебіздерін арнады.

Жаңа нысанның лентасы салтанатты түрде қиылып, шашу шашылған соң, шара қатысушылары ғимаратты аралады.

Бұл учаскелік полиция пункті “Жұртқа жақын полиция” қағидаты және полицияның сервистік жұмыс моделі шеңберінде ашылуда екенін айта кетейік. Учаскелік полиция инспекторының жұмыста тәулік бойы болуы ең бірінші кезекте ауыл тұрғындары үшін ыңғайлы болмақ.

Мұхтар Манекеев

Leave A Reply

Your email address will not be published.