Түзеу мекемесінің міндеті – сотталған азаматты тәрбиелеу

530

Бабаларымыздың өзі «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспес» деп, кешірімді болуға, қателік жасаған адамды кеудесінен итермеуге, қатарға қосуға кеңес берген. Осы тұрғыдан алғанда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқандармен тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған. Мұндағы түзу жолға бағыттаудың тәсілі де ерекше.

Мекеменің арнайы контингент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысын жүргізудің тәртібі енгізілген. Ол Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген «Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидасына» сүйене отырып реттеледі. Осы қағидада түзеу мекемесіндегі азаматтарды психологиялық қолдауға басымдық берілген. Соған орай аталған мекемесінде психолог жұмысқа алынып, тәрбие жұмысын жандандыруға жұмылдырылуда. Бұдан бөлек, өз-өзіне қол жұмсауға бейім, профилактикалық есепте тұратын сотталғандар да психологтардың жіті бақылауында. Олардың бойынан қандай да бір өзгеріс сезілгенде психологтар тұйықталуының себебін біліп, көмек көрсетуге, тығырықтан шығуына қолдау көрсетеді.

Психологиялық тәрбие бойынша әртүрлі бағыттарда жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, дене тәрбиесі бойынша облыстық денешынықтыру және спорт басқармасымен бірлескен жоспар құрылған. Соған орай әртүрлі спорттық шаралар өткізіліп тұрады. Жалпы, мұнда сотталғандарды тәрбиелеудің, түзу жолға салудың тәртібі бар. Соған орай, өзінің талабын орындату үшін түрлі әрекетке баратындарға психологтың көмегімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әрекетінің заңға, ортақ талапқа қайшы екенін айтамыз. Жыл басынан бері мекеменің профилактикалық есебіне қойылған сотталғандарға сараптама жүргізіліп, контингент арасында мінезінде ашуланшақтық, мекеме қызметкерлерімен жанжалдасуға бейімділігі айқындалған сотталғандарды үнемі жеке қабылдап, психологиялық диагностика жүргізілді.

Мекемедегі сотталған азаматтарды үнемі жеке қабылдап, психокоррекция және психодиагностика жүргізу жалғасын табады. Бұл әдістің тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, спорттық, мәдени шараларды жиілетудің пайдасы бар. Бұған қоса, сотталғандар арасында оң мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында тәрбиелік іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып, сотталғандардың туыстарын қатыстыру арқылы «Ашық есік» күндерін өткізу, түрлі спорттық шараларды өткізу алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Венера Каракозева,

ЖД-158/5 мекемесінің жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.