Түйеқұстан түсер табыс мол

118

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шағын кәсіпкерлікті қолдаудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленген болатын. Осы бағдарламаның шапағатын көріп отырғандар Байзақ  ауданында   ондап саналады.

Бүгінде ауылдарда кәсіп бастап, тұрмыстарын жақсартып алғандар қатары көбейіп келеді. Бұл орайда қоғамның кез-келген мүшесіне мүмкіндік жасалғаны қуантады.

«Бастау бизнес» жобасы кәсіпке ниет танытқан талай жандардың жолын ашып, жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Осындай шапағаты мол жоба арқылы кәсіптен нәсібін айырып отырған жастар Байзақ ауданының  Көктал ауылында да бар. Солардың бірі-ауылдағы тың кәсіп ашып түйеқұс (страус) өсіруді қолға алған жігерлі жас Жасұлан Тойбаев.

Жасұланмен жақында аудан орталығындағы стадионда ауданымыздың мәдениет күндеріне орай өткен іс-шарада танысудың сәті түсті. Осындағы көрмеге Жасұлан өзі өсіріп отырған  түйеқұстарын, ал әйелі Әсел әрқайсысы 1,5-2 келі тартатын түйеқұс жұмыртқаларын алып келген екен.

Аталған іс-шараға қатысқандардың назары бірден алғаш рет көріп отырған үлкен-үлкен түйеқұстар мен оның көлемді жұмыртқаларына ауды. Оны көріп, қызықтаушылар өте көп болды. Сондықтанда біздің онымен сол күні  тілдесуге мүмкіндігімізде болмады.

Ертесіне Жасұланның үйінде болып, өсіріп жатқан екі ұрғашы, бір еркек түйеқұстарымен жақынырақ танысудың сәті түсті. Бұл Байзақ ауданына алғашқы болып  әкелінген түйеқұстар  екенінде айта кеткен орынды.

-Мен жастайымнан құс өсіруге әуес болдым. Алғашқы кезде үйде тауық ұстадым. Ал кейін түйеқұс туралы мәліметтерге қанық болған соң оны өсіріп, көбейтуді өзіме мақсат етіп қойдым. Бұл үшін өткен жылы арнайы курста оқып, дәріс алдым. Содан соң өзімнің бизнес – жоспарымды дайындап, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, жеңімпаз атандым.

Мемлекеттен ұтып алған 1 млн. 225 мың теңгеге өзім тағы біраз қаржы қосып 2 ұрғашы, 1 еркек түйеқұс сатып алып өсірудемін,-дейді Жасұлан бізбен әңгімесінде.

Жасұлан есік алдындағы аулаға үлкен албар жасаған. Албарда 3 түйеқұс емін-еркін жайылып жүр. Қасына қыстық қорасында соғып қойған. Үш жасар түйеқұстар қазірдің өзінде әрқайсысы 80 келіден таза ет береді. Ал өсе келе бұл түйеқұстар 100-150 келіге дейін ет беретінін, содан соң бұлардың 30 жылға дейін өмір сүретінін білдік.

-Түйеқұсты өсіру үшін бұл туралы көп мағлұмат жинадым. Бұл жер шарындағы құстардың ең ірісі болып есептеледі. Бойларының биіктігі басын көтергенде 3 метрге дейін жетеді. Мен түйеқұстарды былтырғы жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласынан сатып алдым. Еркегінің түсі қара, ұрғашыларының түсі қоңыр-сұр, құйрық қауырсындары мен қанаттары ақшыл болғандықтан бұлар Африкалық  түйеқұстар деп отырмыз. Біздің жерге тез бейімделіп кетті. Шөпті таңдамай жесе, арпа, бидай, жүгеріде береміз. Шөлге шыдамды,  ыстыққа да, суыққа да төзімді.

Түйеқұстың тағы бір ерекшелігі мұның еті көптеген ауруларға ем көрінеді. Жапондықтар мұны көп өсіреді екен. Себебі мұның етін жегендер қант диабетімен көп ауырмайды. Ал жұмыртқасы көп-күш қуат беретіндіктен спортсмендер көп пайдаланатынын білдік,-дейді кәсіпкер жігіт.

Түп-төркіні Африка құрлығынан өрбіген түйеқұстар 2-3 күнде бір мәрте жұмыртқа туады. Ал оған осы өңірдің өзінен сұраныс көп болып отырғаны әңгіме барысында айтылып қалды. Себебі оныңда емдік қасиеті бар көрінеді. Біреуі 10 мың теңгеге жуық тұратыны сондықтанда болса керек.

Жасұлан жұмыртқаны бастыру мақсатында инкубатор құрылғысын сатып алған. Әзірге құстардың жасы жетіңкіремей тұрғандықтан алдағы 2-3 жылда оғанда қол жететініне сенімді.

Жас кәсіпкер түйеқұс өсірумен бірге үйінде жылқы, қой ұстайды. Малдың да, түйеқұстың да жемшөбін ауылдағы 5 гектар жеріне егілетін жүгері, 4 гектар жерге  еккен жоңышқасы арқылы, ажыратып отырады. Ал оның мұндай қауырт  жұмыстарының бір жағында жары, 4 баланың анасы Әлия да бірге жүреді.

-Менің алдағы мақсатым-түйеқұстарымды көбейту болып отыр. Көбейіп жатса есік алдында емес жаңадан қора-қопсы соғып, ауыл маңында ұстасам деймін. Ал бұған тағы қосымша қаржы керек. Мемлекет тарапынан молырақ қайтарымсыз гранттар беріліп жатса, біз өз кісібімізді кеңейтіп, бірнеше адамға жұмыста тауып берер едік,-деді Жасұлан қоштасар сәтте.

Бір қарағанда сұсты көрінетін түйеқұстың еті мен жұмыртқасынан басқа тұяғы, тұмсығы, кірпігі, қауырсындары, жүні мен терісіде пайдаға асатын көрінеді. Мәселен, қауырсындарын бас киімге, сахналық костюмдерге пайдаланады. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісіне пара-пар көрінеді. Оны аяқ-киім қаптауға, басқада сәндік бұйымдарды жасауға  пайдаланады. Әсіресе еті мейрамханаларда диеталық тағам ретінде үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ етінің қан қысымы, қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір ем екені айтылуда. Демек, қарапайым азықпен қоректеніп, өнімді мол беретін, аса қамқорлықты қажет етпейтін, ал өнімдері қымбат бағаланатын түйеқұс өсіру үлкен табыс көзі болып отыр. Сондықтанда бұған қызығушылық көп.

Қазір қай салада болмасын жұмыс істеймін, кәсібімді кеңейтемін деген азаматтарға қолдау көп. Мемлекеттің қолдауының арқасында жаңадан кәсіп ашқан жігерлі жастың табандылығы мен тыңғылықты ісіне қарағанда өз мақсатына жететін күнде алыс емес.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Журналист.

Көктал ауылы,

Байзақ ауданы.  

Leave A Reply

Your email address will not be published.