Түркістандық 40 жылдық түлектердің туған жерге сыйы

122

Қазақтың әйгілі жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің тың игеру тақырыбына қалам тербеген ерекше бір дүниесі – «Түркістан солай туған» очеркі. Ел экономикасы мен өміріне өзгеріс әкелген сол айтулы кезеңді қаламгер осы шығармасы арқылы қиындыққа толы алғашқы жылдар туралы ерекше көркем әрі нақты деректермен бейнелеп берді.

Заңғар жазушы очеркіне арқау еткен қасиетті, тарихы мол Қаратаудың қойнауында жатқан Көкжон өлкесі жанға да, малға да жайлы, жері құнарлы, нені ексең содан мол өнім беретін табиғаты бай, көрікті де шырайлы аймақ. Тастар арасынан бұрқ-бұрқ қайнап шығып жатқан бұлақтарындағы тіс қаритын салқын да таза, мөлдір сулары қандай ғажап! Ыстық күнде шөлдеп келіп тартып жіберсеңіз, сұп-суық маңдай теріңіз бұрқ ете қалады. Жан рахатын сезінесіз…

….Содан бері қанша жыл өтсе де заң­ғар жазушының сол өңірге арнайы кел­генін, айтулы көркем очерк жазға­нын түркістандықтар (қазіргі Ә.Бүркіт­баев ауылының тұрғындары) әрдайым мақтанышпен еске алып отырады. Жазу­шының есімі сол ауылдағы орта мектепке берілген. Оны жыл сайын бірнеше ондаған түлек бітіріп, білімге сусындап, қанаттары қатайып мына кең өмірге жолдама алады. Бұл күндері олар өз жү­рек­тері қалаған мамандықты таңдап, елі­міздің халық шаруашылығының әр сала­сында қажырлы еңбек етіп жүр. Сол Мұхтар Әуезов атындағы орта мек­­теп­тің көп түлегінің бірі екенімді мен де жүрегімнің бір түкпірінде ерекше мақ­танышпен сақтап жүрмін. Өмір жал­ғасып жатыр…,-деп медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сағындық ОРДАБЕКОВ ағамыз жазғандай расында да Сарысу өңіріндегі Түркістан ауылдық округінің бүгінгі тыныс тіршілігі, ахуалы көз қуантарлық.

 Сәкен Мамытов басшылық ететін Сарысу өңірінде, А.Шортанбаевтай іскер әкімі бар аталмыш ауылдың әрбір түлегі ауыл десе елең етіп, әрқайсының бойында ауылға деген сағыныш, сүйіспеншілік оты маздап тұрады.

Мұны біз әр жылғы бітірген түлектердің қимастығы мен он, жиырма, отыз, қырық, елу жыл бұрын бітірген апа, ағаларымыздың сағынышынан көре аламыз.

Ақиқатында  Отанға деген патриоттық сезім туған жерді құрметтеуден басталады.

Қазақ халқында «Туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөз бар. Осынау ұстаным кез келген адамның зердесінде жүретіні анық. Әрі төл перзенті ретінде туып-өскен еліне қызмет етуге ұмтылады десек артық емес.

 Бүгінгі таңда Жамбыл облысында  түлектер сыйы толастар емес. Түркістандық түлектер де білім беріп, өмірге қанат қақтырған мектебіне, өскен ортасы туған жеріне деген ілтипатын ауылдықтарға, ардагерлерге сый құрмет арқылы көрсетіп келеді.

Өсіп өнеген өңірім ретінде мен де осы қасиет қонған ауыл десе елең етіп, барынша тілеулес екенімді жасырып қайтемін. Міне, осы ауылда  Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Жанысбек Байысбекұлы  есімді азамат бар.

Ауызын ашса, жүрегі көрінетін, ақкөңіл, біртоға, артық мінезі жоқ ағамыз қай кезде болса да міне біздің ауылда осындай жаңалықтар болып жатыр деп, сүйіншілеп, қуанышты жаңалықтарды жеткізіп тұрады.

Міне, бүгін де таң мен жарыса ұялы телефоныма  «Жақсы, жағымды, қуанарлық жаңалық келін. Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылындағы Мұхтар Әуезов мектебін осыдан 40 — жыл бұрын бітірген (1985 жылы) 1968 жылы Түркістанда туылған «Жүректері туған жер деп соққан» Түркістандық ағаларымыз Әшір Бүркітбаев ауылындағы «Ардагерлер аллеясына» көз қуанарлық қазақтың ақ боз үйін орнатты»,-деген ақпарат жіберген ағамыз суреттерді де тастапты.

Міне, бұл расымен қос қолдап қуаттар жаңалық. Кім де кім титтей де болса туған елге, жерге деген махаббатын іспен көрсетіп жатса, оны қалай аттандап жария етпеске.

Елдің басын бірктіріп, елдікке, бірлікке, жақсылыққа шақырған азаматтардың есімін неге бір бірлеп атап тұрып жазбасқа.

Атап өтсек: Ақылбекұлы Манап, Айтімбетұлы Марат, Амантайұлы Ғазиз, Жарасұлы Абітай,Қалиұлы Қайрат, Жалелұлы Сары, Құлыбекұлы Даурен, Медетұлы Еркін, Махамбет ұлы Жабраил, Келісімұлы Ғани, Қамердинұлы Қырықбай, Орынтайұлы Қуандық, Жарылқасынұлы Асылхан, Қоданұлы Ерлан, Қыдырұлы Өсер, Зеберұлы Мақсұт, Қалманбайұлы Ыдырыс.

Бұл ағаларымыздың демеушілік жасап, өз орталарынан қаражат жинап, туған ауылдарының сәнін келтіргеніне ауылдастары дән риза. Алла разы болып, істеріңіз оң болсын Ардақты Ағалар…!

Түлектердің ауылымызға шарапаты мен мейірімі алдағы уақытта өскелең, келер ұрпаққа үлгі боларлықтай іс деп мақтанышпен айтамыз!

Рас, шын ниет болса, бағынбайтын белес жоқ. Туған жерге деген сүйіспеншілік 40 жыл бұрынғы түлектерді осылайша, игі істі атқаруға жетеледі. Бірікті, ақылдасты, нәтижесінде ауылдың көркі ашылды. Бүгінде бұл маңда балалардың қуанышты үні, аналарымыздың айналайыны мен қарияларымыздың елді бірлікке, көпті тірлікке шақырған үні естіледі.

Бірлікті ту етіп, еңбектің қазанын қайнатқан Түркістан ауылдық округі тұрғындары аудан өміріне, аудандағы қоғамдық – мәдени шараларға белсене араласып, берекелі тірліктің үлгісін көрсетіп келе жатыр.

Туған жерлерін әрбір азамат осылай үлес қосса, Қазақстанның  әрбір ауылы гүлдене берері ақиқат.

Дариха Үмбетиярова,

Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.