Бала шақта үлкендер берген батаның ең көп айтылғаны һәм ең қысқасы, бәлкім, «көп жаса», «бақытты бол» деген қайырымдар шығар. Ал ертең не күн туарын білмейтін (ол жайлы ойлауға әзірге құлқы да шамалы) балаға көп жасағаннан, бақытты болғаннан артық ештеңе болуы мүмкін емес те сияқты еді ғой. Қазір сондай бата алып жүрген балаларға сол себепті қызыға қарайсың.
Міне, өмірден озғанына жыл толғалы отырған Табыл ағамызға сол баталар әу баста шынымен дарыған тәрізді: көп жасады, бақытты болды. 87 жасқа аяқ басқан шағында өмірден озды, бейнетінің зейнетін көрді, қаншама қызмет атқарды, қаншама кітап шығарды, қаншама марапат-сыйлыққа ие болды, Күләш жеңгей екеуі ұл өсірді, қыз өсірді, немере сүйді, ақар-шақар әулет болды.
* * *
Ағаларымыз әлбетте сонау бала кезде басынан өткендерін үзік-үзік айтып отыратыны мәлім. Табыл ағамыз да әңгіменің нобайына қарай сондай сәттердің естеліктерін айтып қалатын. Бірақ назарыңды басқа жаққа бұрмастан қалт етпей тыңдап отыруыңды талап етпейтін. Мұны бір десек, екіншіден, ол кезде ағаларымыздың кейін мұндай әңгімелерді айтуға уақыты болмайтынын (әр қалада тұратынымыз, жиі кездесе алмайтынымыз, кездескен күнде де алқалы топтың ортасында болатынымыз, дуылдасқан жұрттың көзінше бұл тақырыпты қайта қаузаудың реті келмейтінін, т.б.) ескермейді де екенбіз. Оған қоса, өзі жазушы адам, қағазға үңілумен отыратын жүйрік қаламгер өзінің өмірін өзі де жазып жүрген сияқты болып елестейтін. Сол себепті ағаларымыздың өздері айтқан әңгімеден гөрі олар туралы өзгелер айтып жүретін әңгімелерге көбірек құлақ түргіш келетініміз және рас.
Осы ғасырдың күндерінің бір күнінде бір кезде ағамыз алғашқы журналистік қадамын бастаған Ойыл ауданына барғанымыз бар. Сонда оқырмандармен жүздесуде сөз алған Қазыбек Нұрымгереев:
– Білгілерің келсе, біз мына Табыл екеуміз бірінші категориялы жетімбіз, – дей салды.
Үлкендер «рас, рас» деп құптаңқырап жіберді де, мектептің жоғары класс оқушылары, жалпы жетімдіктің не екенін кітаптардан жақсы білгендерімен, тап бірінші категориялы жетімнің қандай болатынын аса түсініңкіремей, көздерін жыпылықтатып-жыпылықтатып алды.
Ал атам қазаққа айтқызсаң, «жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар». Қосымша сөз иесі Қазыбек те, сөз тақырыбы Табыл да әлдеқашан отыққандар еді.
* * *
Табыл ағаның отығуы аудандық «Ойыл» газетінен басталған болатын. Ой-хой, ол кездің аудандық газеттері қандай еді, аптасына үш рет шығатын. Ал журналистері ше? Кілең бір ығайлар мен сығайлар еді ғой. Қазақ әдебиетіне із қалдырған талай қаламгерлер қызметін аудандық газеттерден бастайтын.
Ақтөбе өңірінің мысалына жүгінсек, айталық, осы күні есімі еске түсе беретін, «Отамалы» туындысымен оқырмандарды да, жазушы қауымды да елең еткізген Тобық Жармағамбетов Байғанин аудандық газетінде қалам тербеген. Бертінде бірнеше кітаптар, соның ішінде қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің көрнекті тұлғасы болған Есет батыр Көтібарұлы туралы роман-трилогия жазған Құрал Тоқмырзин тракторшылықтан Ойыл аудандық газетіне келген. Кейін «Бозала таң мен бозторғай» деп аталатын пышақтың қырындай алғашқы жинағымен-ақ әдебиетші қауымды дүр сілкіндірген Есенбай Дүйсенбайұлы да Байғанин аудандық газетінде еңбек еткен. Ал атақты сатирик болып қалыптасқан Үмбетбай Уайдин ағамызға газет тілшісі болу бұйырмай, Шалқар аудандық баспаханасында еңбек еткені өз жазбаларында анық айтылған. Ал мұндай фактілерді Қазақстан бойынша терсек, тіпті әжептәуір тізім жасақталар еді.
Алыс бір түкпірде жатып жазушылар армиясын даярлаған сол кездің аудандық газеттеріне сол себепті қандай құрмет те, қандай даңқ та әбден лайық.
Тіпті, бертінде сақа абитуриент болып, құжатымызды журналистика факультетіне тапсырғанымызда болашақ деканымыз, қазақ сатирасының теориялық негізін қалаған Темірбек Қожакеев еңбек кітапшамыздағы «аудандық газеттің тілшісі» деген жазуды көріп, оқуға қабылданып кетуімізге аса ықыласты болғанын да бүгінде жасырудың реті жоқ.
Осындайда Тәкең туралы сөз қозғағанда қазіргі аудандық газеттер сол 60-70-жылдардағыдай қарымды ақын-жазушылардың ұстаханасы болу дәстүрін біржола жоғалтып алған жоқ па екен деп күдіктенеді екенсің.
* * *
Ол кезде аудан орталығына баруымыз сирек, барған күнде де аудандық газетке бас сұғу деген ойымызда жоқ. Ал біз бас сұғуға батпайтын сол аудандық газет сол кезде қалай тіршілік кешкенін сол себепті көре алмадық. Дегенмен сол қызықты кезеңнің кей әңгімелерін естуіміз бар, бертінде жазылған дүниелерден оқығанымыз және бар.
Былтыр біздің облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланған бір мақаласында қазір Астана қаласында тұратын қаламгер ағамыз Сырым Бақтыгерейұлы сол шақтың бір сәтін, ол кездің журналистері әлем әдебиетіне қатысты жайларды да анда-санда талқыға салып отыратынын, ал мұндай «ағартушылық» әңгімелердің (қазақи терминмен әліптесек, негізгі іске кедергі келтіретін «қысыр әңгімелердің»), әрине, газет беттерін шапшаң толтырып тастауға кедергі келтіретін тұстарын былай бейнелеген екен:
«…Қою, бұйра шашы кең маңдайына төгілген, қыр мұрынды, дөңгелек жүзді, күлімкөз сұлу жігіт Табыл ағамыз, Табыл Құлиясов қызметіне келгенде ештеңеден тайынбайды. Өзі белгілі сықақшы, талай «дөкейлердің телпегін қайырған» шымшыма сөздің шебері, атағы дүрілдеп тұрған жауапты хатшы айтса бітті, әңгіме тынады, әсіресе, біз, жас журналистер, қағазға қайтадан шұқшия қаламыз. Табыл кетеді, сәл тыныштықтан соң жаңағы әңгіме қайта басталады».
Кейін өз басымыздан да өткіздік, көлемі шағын деуге келетін бұл аудандық басылымыңыздың қаузайтын тақырыптары мүлде көп еді: мал қыстату, төл алу, егіс салу, жемшөп әзірлеу, егін орағы, қой қырқымы, сүдігер жырту, ең аяғы, саулық қойлар мен қошқарлардың арасындағы тірлік – күйек мәселесі де газеттің бетінен түспейтін саяси-экономикалық тақырыптардың негізгілері еді.
Қаншалықты дәрежеде тартымсыз болып көрінетіндігі рас болса да, бертінде Ақтөбеге келген Тәкеңмен жолыққанда сол кездегі аудандық газеттердегі сол тақырыптар, сол кездің оптимизмге толы тынымсыз тіршілігін елестететін сол мақалалар санамызды бір түртіп өтетін.
Міне, Тәкең, расын айтқанда, сол жылдары ешқандай жаңалық болып көрінбейтін сондай күнделікті шаруашылықтық тақырыптарды жазып-сызып жүріп-ақ оқырманға әбден танымал болды, бірақ сол күнделікті, шаруашылықтық деңгейде мәңгі қалып та қойған жоқ.
* * *
Табыл аға туралы сөз қозғағанда сонау келмеске кеткен кеңестік замандағы қуатты журналистік қару-жарақтың бірі – фельетон жанры еске түспей қалмайды. Тәкең түйреген, Тәкең зарлатқан, Тәкең «қаңғытып жіберген» талай ірілі-ұсақты пенделер осы фельетондардың кейіпкерлері еді. Міне, қазір, сол фельетон жанрының да басына қара бұлт төніп тұр, газеттің бұл жанры қазір «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктер тәрізді жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Дегенмен қазір еліміздің пысық адамдары түрлі мерейлі даталарды атап өтудің түрлі жолдарын тауып алып жатыр ғой. Енді біраз замандардан кейін аяқ астынан «Қазақ фельетонының 100 жылдығы» немесе «Алғашқы қазақ фельетонының жарық көргеніне 150 жыл» деген тәрізді мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қазақ фельетонының тарихы қайта түгенделетін болса, сол шежіредегі тізімнің кеуде тұсында Табыл Құлиястың есімі жүретіндігіне ешқандай дау жоқ. Ал жемқорлар мен жебірлерді, бюрократтар мен берекесіздерді аямай әшкерелейтін фельетондарды біз, журналистер қауымы, өз қолымызбен өзіміз жойып келе жатқанымыз Тәкеңді еске алу сәтінде қайтадан жадымызға оралып отыр.
Рас, арада пәленбай жылдар өткеннен кейін ағамыздың «Ойыл» газетінен бастау алған фельетондарын түгелдеп шығудың мүмкіндігі жоқ екені белгілі. Дегенмен сол фельетондардың бірқатары кейін әдебилендіріліп, кейіпкерлердің есім-жөндері мен мекемелерінің атауы өзгертіліп, тағы сондай-сондай ұсақ-түйек жөндеулер жүргізіліп, бұл туындылар автордың сатиралық жинақтарына сықақ әңгімелер болып жарияланғанын көпшілік біледі.
* * *
Табыл ағам сонау алпысыншы жылдары өзінің алғашқы фельетондарына кейіпкер болған жерлестерінің арасында – Ойылда қала бергенде не болар еді? Ештеңе де болмас еді. Әрі кеткенде, түзелмейтін кейіпкерлерін түзетем деп шаршаумен 87 жасқа аяқ басқан шал болар еді. Бәлкім, жергілікті маңызы бар фельетондарын жазуды қояр еді. Енді, өйтпегенде ше, немересімен жасты балалармен қашанғы арпалысады?
Дегенмен берідегіні әріден ойлайтын Тәкең Ойылда қала бермеді. Қазақстанды шарлап кетті. Шап-шағын нүкте Қараойдан, одан әрі Жекендіден, Жетікөлден, Ойылдан, Темірден, Ақтөбеден асқан жол Көкшетауға, Жамбылға (қазіргі Таразға), Арқалыққа, Алматыға, Ақмолаға (қазіргі Астанаға) сүйреді. Сатиралық дүниелерін шығаруға кірісті де кетті: «Кесілген бұрым», «Жалмауыз», «Сауда сақал сипағанша», «Қоңыраулы күлкіграмма», «Ши оқ», «Қара терең», «Ақмылтық», «Жегі», «Миға қойылған бомба» тәрізді сатиралық жинақтары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Бұларға бертінде саяси қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарының деректерімен нәрленген «Қан жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» тәрізді кітаптары, қарымды жазушы, қайраткер журналист Жиенғали Тілепбергенов туралы жазылған «Аңыздың ізімен» деп аталатын романы, ХVІ-ХVІІ ғасырда ғұмыр кешкен қаһарман жырау, әскербасы туралы баяндайтын «Жиембет батыр» роман-эссесі қосылды.
Осы кітаптарды бірінен соң бірі оқып жатқан жұрт әуелгіде Табыл Құлиястың қай жердің перзенті екенін білмей де дал болған болуы керек. Себебі ағамыздың шығармаларындағы жер-су, елді мекен, қала атаулары, кейіпкерлердің есім-сойлары қазақ елінің әр түкпірінен хабар беріп тұратыны бар ғой. Мұны Тәкеңе арнаған өлеңінде ақын Серік Тұрғынбеков: «Жер бар ма екен біздің Тәкең бармаған, Шетке шығып шетелді де шарлаған» деп бастап, одан әрі: «Мейлі, мейлі, жүрсе дағы ол қайда, Жер-ананың шын перзенті болмай ма? Туған жерін айту қиын тап басып, Ақтөбе ме, Ақмола ма, Торғай ма?», – деп кестелей кетіпті.
Осы ретпен келсек, журналист, газетші деген ағайынның бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ екендігін іс жүзінде дәлелдегендердің бірі Табыл Құлияс екенін өлеңнің осы жолдарынан-ақ байқауға болады. Оның үстіне, бұл кісі үнемі кеңсе бағып, көкжем болған қаламын сорғылап отыратындардың сортынан емес-ті. Қай шақта да қырғын шаруаның ортасында, қилы мінезді адамдардың арасында жүрді. «Осы өмірімде жиырма бес жылға үш рет сотталдым» деп мақтанатын торғайлық айтқыш ағасын, «басыңыз жас қой, әлі талай сотталарсыз» деп жұбататын осы Табыл ағамыз. Осылайша, «басқа пәле тілден» екенін білсе де, тілін тартып көрмегендердің бірі және осы кісі. Осы сөзімізді қаузайық.
Жалпы алғанда (көпшілік үшін) сүйкімді, жекелей алғанда (кейбіреулер үшін) сүйкімсіздеу кәсіп, әлбетте, фельетоншы болу екені мәлім. Әрине, ойдан оқиға құрастырып фельетон жазу онша қиын да шаруа емес. Шөп шабу науқаны кезінде тұралап қалған техника, алты ай қыс бойы жабық тұратын клуб, құлап қала беретін көпір тәрізді тақырыптар көп. Бірақ фельетоншы Табыл ондайды місе тұтқан емес. Бұл кісінің қармағы ұсақ-түйектерден гөрі, қызметі ірі болған соң өзі де ірі сүйек асайтындарға, мемлекеттің мүлкін оңды-солды оңдырмай жымқыратындарға, ең кемі облыста «крышасы» бар менмен бюрократтарға, міне, осындай-осындайларға түсетін. Ал мұндай фельетонның соңы ызы-қиқы айқай, тексеру, фельетоншыны құртып-жоюдың тәсілдерін ойластыру сияқты әбігерлерге ұласады. Т.Құлияс сондай талай у-шуды бастан кешті. Тұтылып қалған кезі жоқ, ақ болды, ешкім де тіреп тұрған аспанын төбесінен тастап жібере алған жоқ, ондай аспан ешкімде жоқ та екен.
Қазір ұмытыла бастады ғой, бағзы бір замандарда үнемі май-шаңның ортасында, денсаулыққа зиянды өндіріс орнында жүретіндерге тегін сүт беру туралы қаулы шығып, мінсіз орындалған. Журналистикадағы денсаулыққа зиянды цехтардың бірі һәм біріншісі осы фельетон еді. Бұл ретте біз кейіпкеріміздің газет-журналдардағы фельетондарын ғана айтып отырғанымыз жоқ. Осы күнгі аға буын өкілдері ертеректе кинотеатрда әлдебір фильм басталар алдында киножурналдар, соның ішінде «Фитиль» деп аталған сатиралық журнал ұсынылатынын ұмыта қойған жоқ. Дәл соның қазақша баламасы ретінде Тәкеңнің авторлығымен 37 номері жарық көрген «Жебе» деп аталатын сатиралық киножурнал – Қазақ телевизиясының кейін қайталанбаған жеке-дара қазынасы.
…Сонымен, тәуелсіздік таңы атты, мәскеулік нұсқауларға алаңдаудың күні өтті. Енді тарихшылар, философтар, әлеуметтанушылар секілді жазушылар да бұған дейін не жазып қойғандарына қайта үңілетін кез келді. Рас, Табыл Құлиястың аса қиналатын ештеңесі жоқ-ты. Жемқордың аты жемқор, бюрократ қашанда бюрократ, қысастық көргендердің көзі тірілерінің, кезінде сын садағына іліккендердің қай-қайсысының да «мен ол кезде ақ-адал едім, Құлиясов мені жазықсыз құртты» дей алмасы анық-ты. Кейінгі балалары да дау шығара алмас. Себебі істері әлдебір папкаларда қаттаулы тұр. Бұлардың не мемлекеттік құрылымға қатысты саяси көзқарасы үшін, не ұлтқа жанашырлық қимылдары үшін қудаланған ештеңесі жоқ-ты. Кәдімгі жемқорлар. Олар енді бүгіндері осы замандық заңның айналып өтуге болатын тұстарына тұмсық сұқты. Бірақ сатирик Табыл ғұмыр бойы жемқорлармен тартысуға міндеттеме алмаған еді. Бұл көбеймегірлерден басқа да шаруалар қылаң берген.
Соның бірі – өзі туып-өскен Ойылдың немесе Ойыл тәрізді қазақ өңірлерінің өткен-кеткен тарихи деректері. Жазушы Табыл Құлияс бұл кезде Ресейге кетіп бара жататын, Ресейден келе жататын. «Төрт-бес күнге Орскіге (Жаманқалаға) барып архивтің біраз шаңын қағып шықтым», – дейді. Орынбор архивіндегілермен арқа-жарқа дос-жолдас болып кеткенін айтатын. Одан соң Астрахан, Барнауыл… Сол сапарлардың нәтижесі – жоғарыда тізімге енгізілген «Қанжоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» кітаптары.
Тәкеңнің еңбегі лайықты бағаланды да. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы журналистік сыйлықтың иегері, өзі туған Ойыл ауданының құрметті азаматы атанды.
* * *
Тәкеңнің творчествосы туралы талай ағалары мен інілері кезінде баспасөз арқылы толымды жылы лебіздер айтқаны мәлім: Әбіш Кекілбаев, Әнес Сараев, сатира теоретигі Темірбек Қожакеев, ғылым докторлары Серікқали Байменше, Дихан Қамзабекұлы…
Тәкеңнің шығармашылықтан тыс өз болмысы туралы да ықыласты әңгімелер жеткілікті. Кезінде ағасына арнап жазған «Сынған айна» деп аталатын өлеңінде көрнекті ақынымыз Есенбай Дүйсенбайұлы: «…Болып еді ен даладай егіндік, Асханасы қос жамбасқа тегін құт. Түсірген-ді қазан асып, той жасап, Мені – бала, Қыз Назымды келін ғып» деп толғағаны бар. Жаңадан үйленген кезде Ес-ағаң жеңгеміз екеуі біраз уақыт Табыл ағасының бір жарым бөлмелік үйінде бірге тұрған ғой. Ал кейінгі буын қаламгер, торғайлық Азамат Есенжол бір мақаласын: «Мені былайғы таныстар «Табылдың баласы» деп айтады. Ол кім десеңіз, сатирик-жазушы Табыл Құлияс ағамыз. Қалай айтса да, осы сөздің астарында бір ақиқат бар. Шынында да, ол кісіні жаныма жақын рухани әкелерімнің бірі көремін», – деп бастайды. Өзгелерге сырғыта бермей, өз басыма да келсем, ағамыз бен Күләш жеңгеміздің мол шарапатын көргендердің қатарында өзім де бармын. 70-жылдардың басында Арқалықта облыстық «Торғай таңы» газетінде қызмет еткен шағымда осы отбасының бір баласы ретінде осы үйде тұрғанымды сол кездегі торғайлық журналистер жақсы біледі. Сол себепті үлкендерге үлгі, кішілерге өнеге болған Табыл ағам туралы айтарым бұдан әлдеқайда көп екенін де жасырмаймын.
Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Ақтөбе қаласы