Тұрғын үйлердi жаңғырту жұмыстары жүргiзiлуде

66

Тұрғын үй қорын жаңарту – халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды міндеттерінің бірі. Осыған орай Қазақстанның көптеген өңірлерінде тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл қатарда Жамбыл облысы, оның ішінде Тараз қаласы да бар.

Бүгінгі таңда облыс орталығында Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Тұрғын үй қорын жаңғырту «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 2011 жылдан бастап жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Олардың 477-сі күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл мақсатта «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламалары аясында республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражатты қоса алғанда 16, 610 млрд теңге жұмсалған. Ал қалған 626 үй өз кезегін күтуде.

Жекелей тоқталсақ, өткен 2022 жылы 3 831 306,0 теңгеге 67 үй жөнделді. Ал биыл 63 үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспары қойылған. Ол үшін 5, 372 411 млрд теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылыпты. Келер 2024 жылы 33,8 млн. теңгеге 52 көппәтерлі тұрғын үйде күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен.

Сонымен қатар биыл 80,91 млн. теңгеге «Бәйтерек» (13) шағынауданындағы коммуналдық меншікте тұрған №36, 37 тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер «АКМ Group» ЖШС жұмыстарын аяқтауда.

2023 жылы 16 сәуірде Төле би даңғылындағы №4 үйдің шатырында өрт шығып, тілсіз жау салдарынан 5-ші қабаттағы пәтерлер зардап шеккен болатын. Осыған орай ақауларды қалпына келтіру мақсатында 52,5 млн теңге бөлініп, қалпына келтірілген 28 пәтерлердің кілттері иелеріне тапсырылды.

Сонымен қатар биыл 5,39 млн теңгеге Гончаров, №9 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің қас беті, шатыры мердігер «Нұр-Сервис-2013» ЖШС тарапынан жөнделді.

Сондай-ақ «ТаразЭлитСтрой» ЖШС-мен Төле би даңғылындағы №11«А» үйді күрделі жөндеу туралы келісім шарт жасалып, қазіргі танда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін бітеді деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.