Тұрғын үй мен жер телімін беру тетігі ашық әрі түсінікті болуы тиіс, — Н. Нұржігітов

126
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен Тараз қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті.

Басқосуда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндап, 2025 жылға дейінгі қаланың даму жоспарының орындалу барысы мен алдағы жұмыстарға тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс орталығының өнеркәсіп саласындағы өсімі 9,5 пайызды, ауыл шаруашылығындағы өнім 3, пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысы 5,4, инвестиция 7,5 пайызға артқан. Жалпы құны 20,9 млрд. теңге болатын 71 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып, оның 25-і пайдалануға берілген. Даму жоспары бойынша 16726 адам жұмыспен қамтылды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2025 жылға қарай 567,8 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде. Ол жалпы құны 16,5 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен орындалмақ.

«Тараз» индустриалды аймағында 55,3 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаның жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылы облыс орталығында «Пышка» ЖШС кондитерлік цех, «Алел-Агро» ЖШС құс етін өңдейтін цех салу жоспарлануда. Сондай-ақ, Казарма, Арай мен Барысхан тұрғын алқаптарында және 15-шағын ауданда (2) жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп көзделуде. Бұдан бөлек, Талас шағын ауданында фитнес-зал, Құмшағалда спорт кешенін салу жоспарлануда. 54 инженерлік инфрақұрылым жобасы жүзеге асып, 116 көше орташа жөндеуден өтеді. Автобус паркін жаңарту мақсатында биылдан бастап жыл сайын үлкен және орташа сыйымдылықтағы 70 автобустан сатып алынбақ. Бүгінгі таңда 111 134 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекте тұр. Оларды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында 1821,6 гектар аумаққа қажетті инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталған. Үш жыл ішінде 3,2 млрд. теңгеге суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі деп көзделуде. Облыс әкімі өзекті мәселелерге назар аудартты. Атап айтқанда, Нұржан Нұржігітов тұрғын үй құрылысының қарқынын сынға алды.

– Жыл сайын баспана кезегіндегі азаматтардың саны өсіп келеді. Біздің міндетіміз – олардың барлығын баспанамен қамтамасыз ету. Алайда, үй құрылысының қарқыны ойдағыдай дей алмаймыз. Жұмыстың сапасымен бірге орындалу кестесі де қатаң бақылауда болуы тиіс. Бұл құрылысы созылған мектептерге де қатысты. Кезектегі азаматтардан менің атыма көптеген өтініштер түсіп жатады. Бұл ашық әрі түсінікті жүйе болуы керек. Барлық деректер интернет-порталы арқылы қолжетімді болуы шарт. Тұрғындарға кезектің барысы туралы жаңартылған ақпараттардың тұрақты түрде жеткізілуі маңызды,-деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ жылу желілерін жаңғырту, қазандықтарды жөндеу жобаларының жоқтығы да сынға алынды. Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі инвестициялық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыру, аудандарға бекітілген бас инспекторлардың қызметін жандандыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Көп нәрсе бас инспекторлардың жұмысына байланысты. Олардың нәтижелі жұмысы көзге көрінбейді. Дәл солар тұрғындарға ақпараттарды дер кезінде жеткізіп, абаттандыру шараларын ұйымдастырып, мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешу жолдарын іздестіру керек,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.