Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Сондықтан аймақта тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында «019 Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» бағдарламасы аясында облыс әкімінің қолдауымен Жуалы, Меркі, Талас және Сарысу аудандарында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Осыған байланысты бүгін «Дәнді бұршақ, майлы, мал азықтық дақылдары мен картоптың сортты дақылдарын апробациялау және тіркеу. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша техникалық регламенттердің талаптарын түсіндіру» тақырыбында семинары басталды. Облыстағы апробаторлар мен агрономдарды оқыту мақсатында ұйымдастырылған семинарға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агроном мамандары мен тұқым зертханасының қызметкерлері және шаруа қожалық агрономдары қатысуда.
Екі күнге жоспарланған семинардың алғашқы күні «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғалымдары отандық тұқым сорттары жайлы ақпарат беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті және тұқым саласын дамыту бойынша өзара пікірлесіп, сұрақ-жауап алмасты.
Ал, ертең семинарға қатысушыларға «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Жамбыл облыстық филиалының егістік алқабында дәнді, майлы және мал азығы дақылдарын сынақтан өткізу бойынша практикалық сабақтар өткізілетін болады.