Туған әкесінен зорлық көрген қыздардың анасы бар шындықты жайып салды

56

Он жыл бойы туған әкесі зорлаған қыздарға қатысты тың ақпарат шықты. Кеше ғана бойжеткендердің шешесі ештеңе білмедім деп камерадан тұра қашқан еді. Бүгін бар шындықтарын жайып салды деп хабарлады turkystan.kz.

Күйеуінің 27 жылдан бергі азғындығына шыдап, бауыр еті балаларын қорғай алмағанына өкініп отыр. Ал бүлдіршіндердің он жыл қорлық көргенін тек былтыр біліпті деп жазды «Евразия» арнасы.

Келіншектің сұхбаты еңкілдеп тұрып жылаумен басталды. Айтуынша, 17 жасында отасқан. Содан бері көргені қорлық. Әбден соққыға жығып, қорқытып, өзіне бағындырып келді дейді. Тіпті балаларын да ұрып тәрбиелеген. Екі қызына азғындық жасағанын бір жыл бұрын біліпті. Содан бері тірі өлікпін дейді. Бірақ, адам баласына тіс жармаған. Өйткені, ұлдарын ойлаған, қыздарының абыройын қорғамақ болған.

«Мен оны өлтіргім келді. Бірақ, балаларымды ойладым. Полицияға арыз жазуға қыздарым рұқсат бермеді. Себебі, дәлелдей алмаймыз деп қорықтық. Қаша алмай қаламыз деді. Қазір олар маған ашулы. Қорғамадың дейтін шығар. Мен он жыл бойы білмедім. Ертерек білсем, бір нәрсе істеуші едім. Мен де анамын. Менде де жүрек бар», – деді жәбірленген қыздардың анасы.

Тоқалының да көз жасы тоқтамады. Туғанындай бағып-қағып өсірген қыздары зорланғанын айтқанда полицияға жүгінуге оқталыпты. Тек адуынды ер азаматқа қарсы дәлел жоқ деп ақталып отыр. Бойжеткендерге үйінен қашуға осы кіші шешесі көмектескен. Ол үшін де аузы-мұрнын бұзғанша сабалып, тепкінің астында қалдым дейді.

«Үлкен қыз маған ерекше жақын болатын. Қалай екенін неғып айтпаған. Сонша уақыт ішінде сақтап, жібін де көрсетпей келгеніне өзім де аң-таң боламын. Осы жерден кеткенде екі қыз айтты. Біз сіздерді осы жерде қалдырмаймыз. Біз осы маньяктың қолында қалдырмаймыз. Інілерімізбен алып кетеміз. Құтқарамыз деді. Өзінің құрған жоспары болған ғой», – дейді жәбірленуші қыздардың екінші анасы.

Айта кету керек, қыздар үйінен қашар алдында әкесінің азғындығын аудиожазбаға басып алған. Қазір мемлекет қамқорлығында. 24 сағат күзетте. Ал, қос шеше қақпа түгілі, аулаға шығудан қорқып жүр. Мал ұстап, сүт сатады екен. Бүтін ауыл теріс айналды дейді. Енді, сот аяқталса, облыстан көшіп, жаңа өмір бастамақ. Өйткені, ұлдары да әкесінен психологиялық соққы алған.

Бұған дейін Есік қаласында екі қыздың туған әкесінен зорлық көргені жайлы жазған едік.

 

https://turkystan.kz/article/224677-tugan-ekesinen-zorlyk-korgen-kyzdardyn-anasy-bar-shyndykty-zhayyp-saldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.