ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ЖЕЛІЛЕР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

76

Соңғы бірер жылдың бедерінде қыс айларында еліміздің солтүстік аймақтарында орын алған апаттары жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын жедел қолға алу керектігін айқын аңғартты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан баспасөз конференциясының барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көне шаардағы аталған бағытта жүріп жатқан жұмыстар жайын тілге тиек етті.

– Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 4 602 метр жылу құбырлары ауыстырылған болатын. Биыл аталған жылу магистралінің құрылыс жұмыстары жалғасын тауып 1 536 метр құбыр ауыстырылды.

Сонымен қатар Жамбыл даңғылының Төле би даңғылы мен Әйтеке би көшесінің аралығындағы «М-3» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жалпы, екі нысан арқылы 2 186 метр жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Сондай ақ «Ұлы дала» шағынауданындағы магистралдық және ішкі кварталдық жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмыстары бойынша 518 метр жылу құбырлары ауыстырылды, – дейді шаһар басшысы.

Жалпы, қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша құны 27,3  млрд теңгені құрайтын 11 жоба республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Осылайша 2026 жылы «М-3» магистралінің құрылыс жұмыстарын жалғастыруға республикалық бюджеттен 612,0  млн теңге және «Самал», «Алатау» шағынаудандарының ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғыртуға 1,2  млрд теңге қаражат қарастырылады деп күтілуде.

Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.