Тойда құранды рэппен оқыған блогер елден кешірім сұрады

85

Juzzeffina лақап атымен танымал блогер Жұлдыз Жауынбаева желі қолданушылары сынаған видеосы үшін елден кешірім сұрады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басы дауға қалған блогер инстаграм-парақшасында халыққа әрекетін түсіндіріп кетті.

«Түсіндіріп кетейін деп шешім қабылдадым. Таңнан бері осы ақпаратпен арпалысып жатырмыз. Мазам кетті. Біріншіден, халықтың наразылығын түсінемін, себебі сіздерге жалған ақпарат тарап жатыр. Екіншіден, бұл дінге қатысты болғандықтан мен үнсіз отыра алмаймын. Өйткені қазақ елі Ислам дінін ұстанамыз. Мені Исламға қарама-қайшы қойып жатқанына ашулымын», — дейді блогер.

Жұлдыз Жауынбаева ниеті жаман болмағанын айтып, елден кешірім сұрады.

«Ешқандай алкогольді сусындар болған жоқ. Ол кештегі отырған қыздардың 70%-ы оранған. Ол жерде өнерлеріңізді көрсетіңіздер деген конкурс болды. Біреулер рэп оқыса, біреулер опера айтты. Намаздағы кісілер мені түсінеді, мен мақтанғым келді. Мен құранды білетін едім дедім де сондай ниетпен айттым. Ол жерде ешқандай музыка, рэп, бит жоқ.

Барша мұсылман халықтан басымды иіп кешірім сұрағым келіп тұр. Негізі басты ниетім жаман болған жоқ. Мен құранды білетініме мақтанғым келді», — дейді блогер.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде танымал блогердің тойда Құран аяттарын оқығаны қызу талқыға түскенін жазған болатынбыз.

Талқыға түскен видеода қазақша рэп оқып жатқан Айшолпан есімді блогердің қолындағы микрофонға талас басталып, Жұлдыз Жауынбаева оны тартып алып, «мен де өнерімді көрсеткім келеді» деп Құран аяттарын оқыған еді. Жұрт блогердің бұл пікірін сынға алып, түрлі әңгіме тараған еді. 

Жұлдыз Жауынбаева — ғаламтор кеңістігінде Juzzefina лақап атымен танымал, қазақстандық блогер және кәсіпкер. Ол өзінің ерекше контенті арқылы әлеуметтік желілерде танымалдыққа ие болды.

Фото: instagram.com/juzzeffina244

А. Жапатова

https://massaget.kz/news/toyda-kurandyi-reppen-okyigan-bloger-elden-keshrm-suradyi-124615/?fbclid=IwY2xjawIHXUtleHRuA2FlbQIxMQABHScP5CddvkaOuQkYxnFMdp7k2qvEHGkvY7DBC3U5eeixwxUfxB1AiMvZQw_aem_TAawabdpje2kmTfZuEa9HQ

Leave A Reply

Your email address will not be published.