“Тоқаев Ақорданы тастап кетуден бас тартып, күндіз-түні жұмыс істеді”: Ерлан Қошанов қаңтар оқиғаларын еске алды

142

Қошановтың айтуынша, Ақорданың құлауы басып алудың басты нысанасы болды, ал бұл Тоқаев пен оның командасының жеңілісін мойындауды білдіретін еді. Сол себепті мәжіліс спикерінің түсіндіруінше, сол кезде сенім артқан жақын адамдары талап етсе де, президент жұмыс орнынан кетуден бас тартқан. Президент әкімшілігі де қалыспай, мемлекет басшысымен тәулік бойы жұмыс істегенін айтады ол.

“Бұл шабуыл жасағандардың, содырлардың және осы мемлекеттік төңкеріс жасағандардың ең негізгі нысаны – Ақорда болғаны белгілі. Қалған облыстарда, Алматыда болған оқиғалар халықты үрейлендіру, сол арқылы президентті орнынан кетіру болды. Сол уақытта, біздің жұмыс режимімізді сұрасаңыз, күндіз-түні президенттің жанында жұмыс істедік. Президент ондаған күн Ақордада өз жұмыс орнында болды. Мүлдем ешқайда шықпадық деп айтуға болады, себебі үш сағат сайын бізде штаб өтіп отырды, оны президенттің өзі өткізді. Сол штаб түнгі сағат бірде [сағат], үште, кейде алтыда болады. Өте қиын уақыт болды, бұл оқиғаны айтып жеткізу өте қиын, оны алдымен көзге елестету қажет. Адам шығыны болып жатты, полиция қызметкерлері құрбан болып жатты, бейбіт тұрғындардың оққа ұшқанын кейін білдік. Ол кезде президентке де оңай болған жоқ, өйткені халық президенттен қандай шешім болады деп күтіп отырды. Сол кезде президент өз үндеуін жасап, содан бастап жағдай күрт өзгерді. Содырлар тиісті тойтарысын алып, мемлекетті қайтадан тұрақтылыққа алып келдік”, — деді Қошанов.



Қошанов сұхбатында президентке елден кету туралы ұсыныстың болғанын еске салып өтті.

“Президент бұған дейін өз сұхбаттарында басқа елге кетіп қалу жөнінде ұсыныстар болғанын айтып жүрді. Ол кезде президентке әртүрлі адамдар хабарласып отырды. Ондай жағдайлар болғанын білеміз, бірақ кім айтқанын білмейміз. Менің көзімше болған бір жағдайды айтайын, Алматыда және басқа аймақтарда тәртіпсіздіктер болып жатқан кезде күзет қауіпсіздігі келіп, мен ол кезде президенттің кабинетінде едім, қазір Ақордаға шабуыл жасалуы мүмкін екенін айтып, мемлекет басшысын басқа қауіпсіз жерге көшіруді ұсынды. Сол кезде президентті басқа қырынан көрдім. Ол тұрып қатты айтты, “мен ешқайда бармаймын, не болса да осы жерде көремін” деді. Қатты айтты да, күзет қызметін қоя берді. Мен сол кезде президенттің мінезін де, батылдығын да басқа қырынан көрдім”, — деп жалғады Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов бүгінгі күннің батыры деп елінің тәуелсіздігі үшін күрескен, елінде тұрақтылық сақтап қалу үшін туын жықпаған тұлғаларды айтатынын атап өтіп, қаңтар оқиғалары кезінде елдің туының жығылмағанын баса айтты.

https://stan.kz/akzhayik—kizil-zhar-oyininan-keyin-zhankuyerler-tores-372323/

Leave A Reply

Your email address will not be published.