Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2019 жылдың мамырында Түрікменстанда өтеді. Мұндай шешім Астанада өтіп жатқан кеңес отырысында белгілі болды.
«Түрікменстан тарапының ұсынысымен Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2019 жылдың мамыр айының соңында Ашһабадта өтетін болып шешілді. Шамамен 31 мамырда. Делегация басшылары шағым құрамдағы отырыста ашық ахуалда ТМД-ның экономикалық өзара іс-қимылының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты», — деп атап өтті ТМД-ның атқарушы хатшысы Сергей Лебедев.
Оның айтуынша, отырыста Достастыққа мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын одан ары дамытуға бағытталған ұсыныстар, нақты ескертулер айтылған.
«Осыған орай бүгін айтылған барлық бастамалар мен ұсыныстар Атқарушы комитет тарапынан тыңғылықты сараланатын болады. Мұндай жұмыс Достастықтың жарғылық және салалық органдары деңгейінде оларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін сәйкесінше құжаттар дайындау мақсатында жүргізіледі», — деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы Үкімет басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтіп, онда ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелеріне қатысты пікір алмасылған болатын.
Ал кеңейтілген құрамдағы отырыста Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзада ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттық кедергілерін жою бағытындағы жұмыстарға тоқталды.