Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры

65

Сан ғасырлық бодандық пен сананы улау саясаты тілден тысқары қалып кеткенімізге себеп болды. Өз етек-жеңімізді жинап, іргемізді бекіткелі тіліміздің де әлеуеті өсуде. Қазақ тілінің мәртебесі артып, маңыздылығы мойындалуда. Қазақстандағы қазақ ұлты ғана емес, барша қазақстандық халықтар мемлекеттік тілдің әл-ауқатын арттыруда. Бірақ, ескеретін бір жайт: қазақ тілінде сөйлеу «қазақша сөйлеуге» жата ма? Қазақшаңыз қалай?

«Күнге қарап тұрған сары ағаш» сөзінің қалай дұрыс оқылатынын білесіз бе? Білмесеңіз, бұл мақала сіз үшін. «Тіл» ұғымы санада сан түрлі ой қалыптастырады. Соның ішінде «тіл — қатынас құралы» деген анықтамаға жиі тоқталып жатамыз. Бұл тілдің атқаратын қызметі ғана. Тіл — ұлттың жаны. «Бір тіл білсең — бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың» деген соның дәлелі. Әр тілде ұлттық код пен жад сақталады. Тіл арқылы сол ұлттың жаны мен санасы адам бойына енеді. Испан тілін үйреніп жүрген жандардың бойынан сол ұлтқа тән салқынқандылық байқалса, кәріс тілін үйренушілердің мінездері жағымды бола бастаған. Бұл тілді арнайы мақсатпен, көңіл бөле үйренгендерден байқалатын ерекшеліктер. Тілді олар үйренбейді, меңгереді. Меңгеретін тілдің мәдениетін сіңіріп, сол тілдегі эмоцияларды, яғни вербалды және бейвербалды сөйлеу ерекшеліктерін толық игереді. Тілдердің фонетикалық заңдылықтарын жаттап, толығымен сол тілде ойлау деңгейіне көтеріледі. Демек, қанша тіл білсеңіз сонша адамсыз, деп айту қате пікір емес.

Біздің бәрімізге мектеп бағдарламасында мемлекет тарапынан тегін орыс тілі мен ағылшын пәндері оқытылады. Сол тілді білсек те біз неге сөйлей алмаймыз? Өйткені, біз тек ағылшын тілін үйренеміз, ағылшынша сөйлеуді емес. Ол жағынан келгенде орыс тілі басқалардан оза шауып тұр. Себебі, орыс тілінің менталитеті, орысша контент, олардың таным көкжиегі бізге таңсық емес. Сондықтан да бізге орысша сөйлеу қиындық тудырмайды. Тіпті сөйлеу аппараттарына таңсық дыбыстардың өзін акцентсіз дыбыстай алу деңгейіне көтерілгенбіз. Бұның бәрі орыс тілінің ықпал етеуінен. Тілдің құдіреттілігі сонша анатомиялық ерекшелік ережесін бұза алғанын байқай аламыз. Қазақтың төл дыбыстарына келгенде тілі күрмелетін жандар осындай өзгерістер салдарынан.

«Ң» дыбысының қалай айтылуы керек екенін де ұмытып қалып жатқандар қаншама. Басқа тілде көп уақыт сөйлеу – тілдесуге жауап беретін мүшелерге міндетті түрде әсер етеді. «Һ» дыбысын пайдаланбау сөйлеуде көмейдің қызметін жояды. Сәйкесінше тілдесуде қолданыстан шығып қалады. Сол арқылы тілде таза сөйлей алмаушылық мәселесі туындайды.

Қазақ тілінде сөйлеу процесі сингармонизм заңдылығына сүйенетіні белгілі. Еріндік дауыстылардың әсерінен сөздің бірыңғай еріндік болып дыбысталуы, жуан сөздерге жуан қосымша мен шылаулардың жалғануы қазіргі кезде сақталмайды. «Мектепке келесің ба?» мен «мектепке келесің бе?» дегеннің айырмашылығын ажыратып көрейікші. Бірінші мысалда тілге жағымсыз. Сөйлеп отырған адамның сөзін естігенде де құлаққа оқыс естіледі. Ал бірыңғай жіңішке айтылған сөйлемімізде реттілік пен әуезділік сақталды. Тура сол сияқты орфоэпиялық нормада дауыссыз дыбыстарға да қатысты ережелер жеткілікті. «Сенбі» сөзі «сембі» болып айтылуы керектігін бірі білсе, бірі біле бермейді. «Сенбі» деп сөйлегенде беттің тыржиюы жиілейді, тіл де күрмеле бастайды, әрі сөйлеу аппараттарына да күрделі болады. Ал, «сембі» деп сөйлеу барысында тілге жағымды, еріндік дауыссыздар үйлесім тауып, құлаққа да жағымды естіледі. «Амангелді үйіне аман келді ма?» деп сөйлеу мен «Амаңгелді үйүне амаң гелді ме?» дегеннің айырмашылығы жер мен көктей. Бұның барлығы қарапайым үндестік заңы. Қазақ тілінің қасиетінің белгісі. Сөйлеу дегенге мән беріп, соған әрекет етуші әр мүшенің жағдайы ескеріле отырып жасалған. Дауысты дыбыс тек үннен тұрғандықтан тек салдырдан тұратын дыбыспен үндесе алмайды. Сондықтан оны өзіне ыңғайлы етіп, ұяң қылады. Жуан дыбыс кей жағдайда ғана болмаса, өзінен кейін жіңішке дыбыспен жараспайды. Сондықтан қосымшасын да жуаннан таңдайды. Қазақ тілі қолайлылықты бірінші орынға қояды. Сол себепті бізге таза қазақша сөйлегенде жеңіл болады.

Фонетиканың мәселелері мұнымен бітпейді. «Күйеу» сөзінің өзін әлі күнге дұрыс жаза алмайтындар қаншама. «Куеу», «киеу» т.б. сан түрлі қалыпта ғаламтор желілерінде таралып, қатеден көз аштырмай жүр. Күйеу сөзі әртүрлі фонетикалық нұсқаларымен барлық түркі тілдерінде кездеседі: алт. кÿйÿ, башқ. кейәу, гаг. гÿвä, қаз. күйеу, қ.-қалп. күйеу, күйеу бала, қырғ. күйөө, тат. кияү, тува кудээ, түр. güvey, güveyi, түркім. гиев, өзб. күëв, ұйғ. kujoqul (kujө + оqul), хақ. кізө, чув. кěрÿ, шор кÿзä, якут күтүө, күтүөт. Біздің тілімізге енді еңген жаңа сөз де емес. Бірақ, орфографияның ережелерін білмейтіндер, бәлкім, ерегесетіндер талай сөзді қате жазып, сол түрінде жұртшылықтың санасына әсер етуде.

Фонетиканың жанға батар қателіктерінің үстіне морфологияның да мазалайтын мәселелері қосылады. Септіктерді дұрыс жалғамау, көптік жалғаудың ережесін сақтамау да қақпағы жабылмай жатқан кедергілердің бірі. «Қант» орнына «қанттар», «онымен» демей «омен» деу сияқты қателер көп. Одан бөлек, сөздің түбір тұлғасын сақтамау да жиі ұшырасатын дүниелер. Жарнамалық тақтайшаларда да, қоғамдық орындардағы ақпарат таратушы құралдар да қателіктер өріп жүреді. «Шай» орнына «шәй», т.с.с. Шылауларды бірге жазу да, шешілмей, түзетілмей келе жатқан түйіткілдер. «Мағанда ала келші», «ереженіде жаттау керек», «сәлеметсізбе?» сияқты қателер өте көп.

Сонымен қоса калька аудармалармен болған қателіктерді тауысып болмассың. «Одежда на вес» тіркесін «салмаққа киім» деп, «огромное количество призов» дегенді «жүлденің алып саны» етіп аударған. Ең өкініштісі, халықтың қателікті байқамайтындығында. Көшедегі ақпараттың қатесін түзеудің орнына, санадағы дұрыс мәліметтің мәнін жойып жатырмыз.

Осы уақытқа дейін елдің іргесінің берік болып, аяғынан көтерілуін күтіп, біраз мәселелерге бей-жай қарап келдік. Ендігі кезекте жалған «патриоттылықты» қойып, шынайы ұлт жанашыры, тілдің қолдаушысы болудың реті келген сияқты. Ана тілімізде сөйлеу кезінде ережемізді де ескеріп, қазақ тілінде жай сөйлеп қана қоймай, бекітілген заңдылықтың жолымен жүргеніміз дұрыс болар. Сөз басында айтып кеткен «Күнге қарап тұрған сары ағаш» сөзінің дұрыс оқылуын көрсете кетсем. Дұрысы «күңге ғарап тұрған сарағаш» болады. Барлық қазақ бір тілді меңгерсе де әртүрлі сөйлеп кеткені дұрыс емес. Әдеби тіліміздің әуезділігі мен әдемілігін сақтап сөйлесек, қазақ тілінде сөйлеу біртүрлі дегендерден құтылатын едік.

Гүлмира ҚАЗАНЧИЕВА, «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі пәнінің мүғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.