Тазалық табалдырықтан басталады

197

Жастардың қолдауымен облыс көлемінде тазалық акциялары жүргізілуде. Аудан ажарын тек сәулетті ғимараттары мен көрікті гүлзарлары ашпайды, сонымен бірге көрер көзге ерекше әсер беретін тазалығы да ашатынын естен шығармайық.

Иә, тазалық әр ауладан, әр отбасынан басталады. Тұрғындар бәрі бірдей тазалық мәдениетінен жұрдай деуге болмайды, бірақ солардың бір пайызы салақ болса, соның өзі жетіп жатыр. Әрқайсысы бір қоқыстан тастағанның өзінде бір күнде қанша тонна қоқыс жиналатынын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.

Ағымдағы жылдың маусым айының 26 жұлдызында Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «MERKI ERIKTILERI» волонтерлер  қозғалысының мүшелері және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатысуларымен «Көмек керуені» волонтерлік жобасы аясында «Тазалық – табалдырықтан басталады» тақырыбында сенбілік ұйымдастырылды.

Сенбілік барысында: аудан орталығындағы А.Асқаров атындағы стадионның жанында орналасқан  «Жастар аллеясында» тазалық жұмыстары жүргізілді. Мұндай жерде тазалық ең негізгі мәселе болатыны да анық. Жастардың бұл игі істеріне Меркі ауданының құрметті азаматы – Жәнібеков Нұрсұлтан ата алғысын білдіріп ақ батасын берді. Өз сөз кезегінде аудан тазалығына бәріміз де атсалысайық деп барлық тұрғындарды тазалыққа шақырды. Егер әркім өзін мәдениетті санап, тазалықты өзінен бастаса, кез келген қала да, кез келген аула да аз уақыттың ішінде құлпырып шыға келетіні анық.

Ауданда әр сенбі күні жастардың қатысуымен сенбілік жұмыстары жиі жүргізіліп отырады. Жалпы сенбілік жұмыстары барлық аудандарда бір уақытта басталады. Бұл жолғы жұмыстар «Киелі табиғат» сынды тазалық  акциясының жалғасы. Алдағы уақытта да түрлі тазалық акциялары облыс  көлемінде жүзеге асыру жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.